Әлдилеген әлемді бесігімен
Табиғат тамашасымен тұспа-тұс келетін 8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күні мейрамы барша нәзік жандыларға ерекше қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Айтулы мереке қарсаңында Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық тобы концерттік бағдарлама қойды.
Алдымен, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ардақты әжелерді, аяулы аналарды, қызғалдақ қыздарды төл мерекелерімен құттықтады.
– Ана – өмір кілті. Қазақ халықының тарихында есімдерін алтын әріппен жазып кеткен арулар қаншама. Тарихқа көз салсақ, Тұмар патшайым, қала берді Домалақ ана есімізге түседі. Ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қайсар қыздар Мәншүк пен Әлияны да мысалға келтіреміз. Біздің облысымызда да әйелдер қауымы ер азаматтардан кем түсіп жатқан жоқ, тіпті, иық тірестіре, өнімді еңбек етіп келеді. Өндірісті өркендетіп, кәсіпкерлікті көркейтіп, медицина мен білім беру бағытына сүбелі үлес қосып, өз кәсібінің нағыз білікті мамандары атанғандарын қосыңыз. Спортты серік еткен азаматшалар да аз емес. Құқық қорғау саласы мен мәдениетті дамыту ісін ілгерілетіп жүргендердің, журналистиканың жүгін арқалағандардың да басым бөлігі әйелдер қауымы екені еш талассыз. Отбасының ұйытқысы бола білген алтын құрсақ аналарға, қоғамдық шаралардың әрдайым басы-қасынан табылатын белсенділерге, кәсіпкерлікті қолға алған іскер әйелдерге, бір сөзбен айтқанда сан салада табысты еңбек етіп жүрген асыл жандарға құрметіміз шексіз. Осынау мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! – деді ол.
Мереке иелеріне мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіледі.Жарық дүниеге жаңа «өмір» әкеліп, тәлім-тәрбиенің өзегі бола білген аналарға ел Президентінің жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталады. Осы шарада облыс әкімі бес қыз және екі ұлды өмірге әкелген Кәмшат Нұрбаева, бес ұл, екі қыздың анасы Анастасия Михайлишина, алты баласын бағып-қағып отырған Гүлмира Қалиева және алты ұлдың анасы Жұмакүл Төлеубаеваларды марапаттады.
Аналардың құрметіне Мәдина Құлжанова, Нарбек Есенжол, Азамат Ибраев сияқты әншілер мен бірнеше ән-би топтары өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, түрлі салада еңбек етіп жүрген ерлер бейнежазба арқылы құттықтау жолдады. Олардың арасында қарапайым көше тазалаушыдан армия генералына дейін бар.
Салтанатты жиын соңында күтпеген жағдай болды. Астана және Семей қалаларында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жатқан қостанайлық екі сарбаз – Шерхан Тыйыштықов пен Ерболат Дүйсенбай қысқа мерзімге рұқсат алып, аналарын құттықтауға келіпті. Әскерде жүрген ұлдарынан гүл шоғын алған аналардың жанарына жас келді, ал олар өз кезегінде осындай кездесуге мүмкіндік жасаған Қостанай облысының әкімдігіне алғыстарын білдірді.