“Софтлайнмен” әріптестік нығаяды
Облыс әкімдігінде "Софтлайн" компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Жиында аталмыш компанияның инвестициялық жобаларына Қостанай облысының қатысуы мәселелері пысықталды.
"Софтлайн" – Ресей, ТМД, Латын Америкасы, Үндістан және оңтүстік-шығыс Азия нарықтарында жұмыс істейтін ІТ-шешімдер мен сервистерді жаһандық жеткізушілер ішіндегі көшбасшы компания. Ол ақпараттық технология нарығында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.
Компанияның Қазақстандағы аймақтық өкілдігі 3000-нан астам ақпараттық және аппараттық қамсыздандыруды өндірушілермен қызметтес.
Кездесу барысында Қазақстандағы өкілдіктің бас директоры Анна Дю мен ТМД-дағы инвестициялық жобалардың жетекшісі Алексей Шеметов "Қауіпсіз қала", Тұрғын үй-қауіпсіздік шаруашылығы", "Ауыл шаруашылығына арналған бірыңғай ақпараттық-аналитикалық жүйе" атты ІТ-жобалармен таныстырды.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, қызметтестік барысында қоғамдық қауіпсіздік аясындағы жобаларды жүзеге асыру ең келелі бағыт болуы мүмкін. Нақтылай айтқанда, бейнебақылау және бейнеаналитика жүйесін құруға, сондай-ақ транспорт және жол қозғалысы мониторингі жүйесіне екпін салынуы керек.
Алғашқы кезеңде жұмысшы топ құрылып, оның құрамына компания өкілдері, облыстық ІІД, жергілікті полиция қызметі, Қостанай және Рудный қалаларының әкімдігі, облыстық басқармалардың жетекшілері енді.
Аймақ басшысы топ мүшелеріне әріптестіктің құқықтық, экономикалық аспектілерін зерделеуді тапсырды. Сондай-ақ, біріккен жұмыс топ қызметінің қорытындысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қызметтестік туралы ұсыныстар даярлауға тапсырма берді.