Бірлік пен жасампаздықтың айғағы
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың философия кафедрасының профессоры:
Біз, Қазақстан халқы, бақытты халықпыз деп тіке айта аламыз. Себебі, дүниежүзінде үш жарым мыңнан астам ұлттар тұрса, олардың тек екі жүзі ғана өз мемлекеттілігін құра алғандар. Осы тұста менің ойыма үш-төрт жыл бұрын іссапармен Астанаға поездбен бара жатқанда бір азаматтың маған қарап: "Сіздер, қазақтар, бақытты халықсыздар. Өйткені, желбіреген жалауларыңыз бар, биігінен шырқалатын әнұрандарыңыз бар, кең байтақ жерлеріңіз бар. Ол жердің мол байлығы бар, қазақ деген қайсар да қадірлі халық бар. Осы жерге, елге ие болып отырған әлемге әйгілі Н.Ә.Назарбаевтай Елбасыларыңыз бар. Сіздерде арман жоқ қой" дегені әлі есімнен кетпейді. Шынында да, біз егеменді ел болып, іргемізді бекітіп, экономикамызды нығайтып, күш алып келе жатқан алдыңғы қатардағы ел екенімізді дүниежүзі танып, білуде. Осылай болудың бір себебі – Қазақстан Республикасы Ата Заңының 19 жыл бұрын қабылданып, халық игілігіне еңбек етуінде. Ата Заңымыздың 98 бабының үштен бірі азаматтардың құқығына арналған. Яғни, еліміздегі азаматтардың өмір сүру, еңбек ету, білім алу, ден-саулығын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану тағы да басқа құқықтар қағаз жүзінде емес іс жүзінде, күнделікті өмірде өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.
Ата Заңымыздағы Қазақ елінің негізгі қағидаты-қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық. Шынында да, Қазақстан Республикасында жүзден астам этнос өкілдері қоғамның әр саласында қоян-қолтық еңбек етіп, сол салаларды дамытып, әрі ілгері жылжыту үшін ең бірінші кезекте ел бірлігі, түсіністік және ынтымақтастық әбден қажет. Әсіресе, өзекті ұлттың өзара бірлігі неғұрлым жоғары және мықты болса қоғамымыз да соғұрлым күшейе-тіні сөзсіз. Осы тұста Қазақстан хал-қының бірлігін нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Тарихымызда да Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының келесі жылы 20 жылдықтары бір жылда өтуі ерекше тарихи оқиға.
Болашағы зор бүкіл Қазақстан халқын еліміздің Конституция күнімен құттықтап, әр азаматқа амандық-саулық, бақыт-береке тілей отырып, мемлекетімізді Елбасы межелеп отырғандай дамыған отыз елдің қатарында болу үшін қажырлы еңбегімізбен сол кезеңді тездете түсейік!