Музей сақталады
Облыс әкімі Н.Садуақасов Қостанай қаласында орналасқан Солтүстік Қазақстан аймақтық геология департаментіне қарасты музейдің бүгінгі жай-күйімен танысты. Бұл геологиялық нысанды ұстап отырған «Қостанай іздестіру-түсіру экспедициясы» ЖШС-інің қаржылық жағдайы аса мәз емес. Сондықтан, «ҚР минералды ресурстары Академиясы» ҚБ СҚФ төрағасы Виктор Дейнека мұражай тағдырына алаңдап, облыс әкіміне хат жазған болатын.
« Музей жергілікті жастар арасында оқу-тәрбиелік жұмыстарын жүргізуде мәдени-тарихи жәдігерлерге өте бай.Онда өңірдің табиғи қазба байлықтары өте көп»-деп жазылған. Мұражай меңгерушісі Татьяна Крылованың айтуынша, мәдени орталықта 5 мыңнан астам геологиялық материалдардың жиынтығы сақталған көрінеді.Оның сыртында он мыңға тарта жәдігерлер музей ғимаратында орналастырылыпты. Сондай-ақ, Әулиекөл ауданының аумағынан табылған мұнайдың құймасы бар. Мұражай басшыларының ендігі ойы, нысанды қалайда сақтап қалу. Өйткені, мұнда біздің өңірдің де қазба байлықтары өте көп.
Облыс әкімімен кездесу барысында айтылғандай, музейді Қостанайда қалдыру мәселесін Солтүстік Қазақстан аймақтық геология және қазба байлықтары басқармасымен бірлесе отырып шешілуі тиіс.
-Нысанды облыста сақтап қалуға біздің мүмкіндігіміз бар.Жақын күндері бұл мәселе түбегейлі шешіледі,-деді Н.Садуақасов,-мүмкін мұны облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағына берерміз, мүмкін жеке филиал ретінде сақтап қалармыз. Оны енді уақыт көрсетеді. Бәрінен бұрын, тарихи – көпшілік орынға келушілер қатарын көбейтуіміз қажет.
Музей меңгерушісі Т.Крылова өткен жылы мұнда 40-шақты адам келгенін айтады.
-Ең бірінші қажетті оқу бағдарламаларын әзірлеп, оқу орындарымен келісім жасау керек. Өйткені, студенттер музейге келіп, біздің өңірдің бай ғылыми жәдігерлерімен танысқаны жөн,-деді облыс басшысы.
Айбек КӘДІРҰЛЫ