Жалғыз қарағай

(элегия)
"Қаратал…Ұзынағаш…Майлыағаш…"
 
бекболат бопин…Үш атау алған атақты елді мекенім,
Құрбаны болдың саясат пенен жекенің.
Адам өлсе де, ауыл өшсе де сезбейміз,
Өмірдің өзі уақытша ғана екенін!
 
 
Арнадан соққан аңызғақ желмен кернеген,
Жалғыз қарағай бос көңілімді тербеген.
Киелі сенің бұтақтарың да селдіреп,
Көшіп кеткен бе, қоныс аударған елменен?
 
Тылсымды терең сенің де бар-ау жыр әнің,
Жаңбырдан кейін тамшы боп тамған мұңдарың.
Айтпаушы ма еді, жалғыздың жары құдай деп,
Сондықтан болар, ғасырдан артық тұрғаның!
 
Қашан болды екен, алғашқы сенің көктемің,
Кім білген содан қаншама уақыт өткенін?
Сұрап алатын үлкендер өткен дүниеден,
Куәгерлерің–  қара жер менен көкте күн
 
Ерке Тобылым ағып жатқан жоқ бекерге,
Қос жағалауы шекара болған екі елге.
Біздің жақ бетте, Жалғыз қарағай, өскенің,
Ел тыныштығын күзету үшін екен бе?
 
Өзіңді көріп, бозала таңдар ататын,
Өзіңді қимай, қызарып күндер бататын.
Қасыңнан сенің, үлкенді-кіші қанша адам,
Ерсілі-қарсы, шұбылып өтіп жататын.
 
Жалғыз ағаштың киесі бар деп қорғайтын,
Сұсты қалпыңа бас имес  ешкім  болмайтын.
Тәңірден сұрап, құпия ғана сыбырлап,
Іңкәр тілегін сыйынып саған жолдайтын.
 
Теңселтіп талай жаныңнан өтіп жорғаммен,
Алаптың шөбін шалғымен талай орғам мен.
Бауырың толған жеміс ағашы болатын,
Жар жағасында сен өзің жалғыз болғанмен.
 
Қара мойыл мен көк терек, қайың өсетін,
Жуа мен құндақ терумен уақыт өтетін.
Егетін едік, үйге әкеліп көктемде,
Қарақат пенен долана, шие көшетін.
 
Аштық пен зұлмат соғыс кезінде көшпеген,
Еліңді қуған, қай нәубет екен, күштеген?!
Ата-жұртыңды күзетіп әлде тұрсың ба,
Шоқтарың бар деп,  жер ошағыңда өшпеген!
 
Қайтадан елге  оралыңдар, – деп жар салып,
Тұрмысың күтіп, Әулие ағаш қарсы алып?
Көшкен еліңнің келмесін біліп, зарығып,
Шын жалғыз қалып, жылап тұрмысың, тамшы ағып?
Кездейсоқ қана, өткен-кеткенге мұң шағып!
 
*  *  *  *  *
Кім білген енді қай кезде қалай келесің
Жүрегім менің, лүпілдей неге бересің,
Сағым тұмшалап қыр асып кеткен алыстап,
Жастық шағыңның көрдің бе әлде елесін,
Жанарым менің,  сулана неге  бересің?!
 
Армандастарым, қайдасың?
 
Есімде менің сендермен бірге жүргенім,
Сауық кештерде сендермен бірге күлгенім.
Қайтып оралмас, бал дәурен жастық шағымыз,
Алаңсыз, мұңсыз уақыт екен ғой білгенім.
 
Қырық жыл емес, бір-екі ай ғана өткендей,
Жазың мен күзің ұзарып кеткен көктемдей.
Наз күлкілерің ауада әлі қалықтап,
Сол бейнелерің жаныма шуақ төккендей.
 
Кездерің қайда түндерді таңға жалғайтын,
"Көршің тату ма" , "шық сақинамды" ойнайтын.
Орамал тоқпақ тиген алақан күйсе де,
Көршісін сатпай жүздерің   бал-бұл жайнайтын.
 
Бозбала көңіл, бүлдіршін мінез, бал сезім,
Жолдама берген өмірге деген сол кезім.
Қайран достарым, армандастарым, қайдасың,
Сағынып жүрмін, азайып шыдам, мол төзім.
 
Қыршындар бар ғой, бұл күнге бізбен жетпеген,
Қатал өмірдің қыл көпірінен өтпеген.
Ойланыңдаршы, бір жылап, кейде бір күліп,
Жақсылар кетіп, жамандар жүр-ау көптеген.
 
Жырым менің сырласым
 
Айналдырдың тағы да бүгін мені,
Жырым менің қамшыдай бүгілмелі.
Жүрегімді осқылап  тілгілейсің,
Шығаршы деп жарыққа күн ілгері.
 
 Сеніменен ақтарам ішімдегі,
 Сырымды да, мұңымды, түсін мені.
 Әлде сонша жанымды қинайтының,
 Ақ қағазда қалдыру үшін бе еді?
 
Жан емеспін біреуге еліктеген,
Өз ойларым жетелеп, еріп келем.
Сақтап жүрген қара өлең моншақтарын,
Қайта тізіп, түйіндеп, теріп келем.
 
 Еңбек еттім еліме төгіп терді,
 Жауып қойып  өзіңдей көріпкелді.
 Ешкімге де бағынбас асау жүрек,
 Өзім таңмын қалайша көніп келді.
 
Бірақ сенен емеспін жырақ қалған,
Тиіп-қашып болса да сыр ақтарғам.
Ойға талып қиналсам сені іздеймін,
Жауабы жоқ бітпейтін сұрақтардан.
 
 Кешір мені жас дәурен жасын кезім,
 Жырланбаған гүлденген асыл сезім.
Жастығымды теп-тегін  бергенім жоқ,
 Ел алдында әрқашан басым сөзім.
 
Мен де сені жазбаймын ермек үшін,
Тасып қаным кетсе де, кернеп күшім.
Жыр-жамбыға сыр-жебем жетпей жатса,
Адырнаны тартпаймын кермек үшін.
 
 Артта қалып барады жасыл  белең,
 Сары күзді сезбейтін тасыр емен.
 Аламанның мәресі алыс емес,
Жеткізер ме білмеймін, ғасыр өлең?
 
Шаршадың ба, шапқылап, кермиығым,
Тұлпар  ойым, жүйрігім, жел құйыным.
Басқалардың жырынан іздеп жүрсем,
Жүрегімде екен ғой, жерұйығым!
 
Мәңгілік  елім
 
Жыл санап емес, күн  санап  алға  дамыған,
Тәуелсіз  ел  деп  бар  әлем  бізді  таныған.
Татулық  пенен  бірлікке  арнап  Жолдауын.
Елбасы  біздің  намысымызды  жаныған.
 
Ұлы көсем деп, мойындап  шетел  қарсы алған,
Елбасымыз бен қазақ еліне тамсанған.
Мәңгілік ел боп тарихта қалар орны бар,
Бейбітшіліктің ордасы біз деп жар салған!
 
Жеті жарғыдай жеті бағытты  ұштаған,
Болашақ үшін адал еңбекке нұсқаған.
Бекем болайық дүрбелең мынау жаһанда,
Егемендік пен көк туымызға ұстаған!
Бекболат  БОПИН
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓