Боран батыр
Жағалбайлы елінде Боран деген жігіт, сол елдің байы Жантайға алты айға бір тай еңбекақы алмақ болып жұмысқа жалданады. Мезгілі бітіп, байынан ақысын сұраған екен, анау-мынау деп бірсыпыра уақыт жүріпті. Боран байдың қылығына шыдамай, төбелес шығарыпты; байдың тісін сындырып, аузын қан жалатыпты. Бұған Жантай шыдамай, айып алмақ болып елінің ақсақалдарын жинайды. Өзінің мүддесін айтады.
Одан кейін Боран тұрып былай дейді:
– Жалға жүрдім Жағалбайлы Жантайға,
Бір тай алмақ болып едім алты айға.
Жарытпады асына,
Жалшытпады күшіме.
Шайтан болып ұрысып,
Қолым тиді тісіне.
Бірің – шекер, бірің – бал,
Бірің – қайың, бірің – тал,
Айтып-айтпай не керек –
Бәріңе мәлім біздің хал.
Бірің – балға, бірің – төс,
Бірің айт та, бірің кес!
Сіздерге салдым ісімді:
Адамға бұрмай әділ шеш!
Жиналған жұрт Боранның сөзін дұрыс тауып, әділ биліктерін айтып, малын алып беріпті. Содан кейін Боранның атағы елге жайылып, өрі шешен, әрі батыр атаныпты.