Кейкіге арнап кесене көтереді
Осыдан жүз жыл бұрын Торғай төсінде қазақ халқының азаттығы үшін күрескен Кейкі батырдың (Нұрмағанбет Көкембайұлы) бассүйегінің елге әкелінгенін қалың оқырман жақсы біледі. Тарихи сәттің арасын суытпай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағанбетов батыр бабамыздың туған жерінде жерлену керек екенін айтқан еді. Содан бері Кейкінің жерлестері дайындықты бастап кетті. Рухани маңызы зор мәселені пысықтап қайту үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Аманкелді ауданына қарасты Тасты ауылына ат басын бұрды.
Дәл осы маңда халық батырына арналған үлкен белгі бар. Сыртқы көрінісі шағын кесенеге ұқсағанымен, мұнда марқұмның не мүрдесі, не мүлкі жерленбеген. Ауылдың құймақұлақ ақсақалдарының айтуына сүйеніп, рулас туыстары көтерген белгі. Батырдың іздеушілері, жергілікті тұрғындар осы маңға келіп тағзым етеді.
Облыс орталығынан арнайы келген атқамінерлер де, алдымен, Нұрмағанбет Көкембайұлының аруағына құран бағыштады. Ал ел аузында жүрген әңгімені арқау етсек, батырдың денесі осы жерден алыс емес, Жыланшықтың бойындағы Жалаулы деген жерде болуы керек.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қостанай облысының әкімдігі біріге отырып, Кейкі батырға арнап жаңа мазардың құрылысы бойынша қажетті шараларды қолға алды. Қостанай өңірінің басшысы А.Мұхамбетов Аманкелді ауданының әкімі Нұржан Өтегеновпен осы турасында бірқатар мәселелерді талқылады. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа кесененің құрылысы алдағы жылдың мамыр айында басталуы тиіс. Құрылыспен қатар Кейкі батырдың мүрдесін іздеу жұмыстары да жүргізіледі. Іздестіру жұмыстары тамыз айына дейін аяқталуы қажет, себебі қыркүйекте батырды жаңа кесенеге жерлейтін болады.







Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Қайран батыр атам-ай! күңіренгендей мазарың,
Самал желмен жеткендей сені жоқтап азалы үн.
Жаның болсын жаннатта пәнидің тартқан азабын,
Ерлігіңді жырлайды елім, деген қазағың.