Қазыбай әулие және ел азаматтары
ҚИтаба қыпшақ Қазыбай әулие Ақпанұлы шамамен, ХVІІ ғасыр дың соңғы ширегінде өмір сүрген. Әулие жол бойында "Баянтанат" жерінде дүниеден өтеді. Қазыбай ауырып, көшін ереуілдетеді. Жағдай сұраған туыстарына:
– Менің екі-үш күндік ғұмырым қалды. Өлсем мені осы жерге жерлеңдер,– дейді.
Туыстары болса:
– Сіз болсаңыз атыңыз бар адамсыз. Жақын жердегі қорымға бір әулие ару жерленіпті, – деп қарсылық білдіреді.
Сонда Қазыбай:
– Оған қам жемеңдер. Кімнің әулиелігі басым болса, соның атымен аталады, – деген екен. Ақыры сол орын "Қазыбай қорымы" аталып кетті. Қорым басына ауру жандар түнейді– ауруынан айығады. Қарасан, топалаң тиген малды аластайды. Киелі орын.
Қазыбайдан он бір ұрпақ тарап, сонша ауыл болып өскен. Қайсы бірі жеке ру атағына ие болған. Қазыбайдың Алушы, Алдияр ұрпақтарынан тараған буыны өздерін "Қарақалпақ" атап, рулықты атанады. Қарақалпақ әйелінен туғандар кезінде 40-50 түтінге дейін өскен. Қазыбай жаугершілікпен де айналысқан, көптеген жерлерде болған. Оның бұл сапарларын балаларының аттарынан да аңғаруға болады. Өлкейек, Тосынбай, Торғайбай, Сеңгірбай, .. жер аттары, батырдың жәйлап, болған мекендері. Алушы, Қылыш, Алдияр жорық жолдарына орай қойылған аттары.
Қазыбай ел қамқоры, болашақты болжағыш – ақылман, әулие болған білікті жан. Осы кезең Қыпшақ Қитаба жеті арыс кіші руларға жетіп Торғай-Жыланшық өзендері бойының шұрайлы жерлерін мекен еткен. Белгілі азаматтарының даңқы елге танылған. Бессары Жүзбай молда, Қара Тәйпен би, Сарытымақ Айтуар ұста, Қосай Балта батыр, Еділ- Қапал Есенжол қажы, би болған Шалдыбайдың Көбегі, …Қалды, Қабақ баласы Кәрібоз, ұлы Уәлі, Көбек ұлы Сәрінжіп шешен, Көбек баласы Асат болыс, Көтібар баласы Баймағанбет болып жалғасады.
Қаз Түркебай Қара Тәйпеннің жеріне қызығып, "Үш бала", "Үш бидайықтың" бірін алмақ болады. Шабындыққа малын салып, маза бермейді. Шабысып алуға Түркебай жағы күшті. Тәйпен би қулыққа барып, бір жиында құда бол-ған Түркебайға:
– Қыздың қалыңдығына екі бидайықтың бірін ал. "Үш бала" сенікі, "Үш бидайық" біздікі, – деген екен. Құдалар уәдесі – уәде. Сонымен көлемі шағын бидайықты Түркебайға беріп, үлкен шабындықты елде қалдырып құтылады.
Айтуар бай, Айтуар ұста – "Айтуар шыңынан" қызыл кірпіштен үлкен көп бөлмелі үй салдырады. Керуен жолында отырған Айтуар жаңалыққа жаны құмар-ел тұрғындарына шәй ішуді үйретеді. Сапархан Бұхардан мейіз, өрік, қақ, қант, шәй алдырып, Торғай қаласының зиялы тұрғындарына шәй ішкізіп тұрады. "Шөл басуға Айтуар үйіне арнайы қонақтар жиі келетін болған. Қызыл үйдің салтанатын тамашалайды. Бірде Орынбор сапарынан оралып, елге – Ақкөлге жолы түскен Ахмет Байтұрсынов та "Қызыл үйде" болады. Үйдің салынысына риза болады. Үйдің басты кемшілігін айтады: – Елді мекен, қалың елден тым жыраққа салынған екен. Аласапыран кезең туып, көші-қон бастала қалса, кәделі орын босқа қалады. Қызыл үйлер құм астында қалады-ау, – деген екен. Солай болды да. "Айтуардың Қызыл үйінің" бүгінгі орны қызыл кірпіш сынықтары үгілген кірпіш соққан, күйдірген шұнқырлар сұлабасы ғана. Сәнді қала салтанаты желге ұшқан.
Торғай еліне танымал Есенжол қажы болған, екі рет қажылық борышын өтеген. Бұхарда оқыған Есенжол араб, парсы тілдерін білген. Әнші, өлең шығаратын ақын болған. Өлеңдерінде имандылыққа баулыды, құранға шақырады. Қажының шариғат туралы бір ауыз сөзін мысалға келтірсек:
Құранда әс-самауй- уәл- арза
Пенденің алласына көп қарызы.
Жігіттер намаз оқы, ораза тұт,
Алланың кешпейтұғын бір парызы.
Қосай балта батырдың жасынан-ақ аты шыққан. Сары Қошқар батыр бір сапарында жігіттің іннен түлкі ұстап алып жатқанын көріп, өктем дауыспен: – Байла! – деп дауыстайды. Жігіттің түлкіні байлайтын сыңайы жоқтығын танып, атымен оған жақындай түседі. Қошқардың өктемдігіне көне алмаған жаңағы бейтаныс оны аттап жұлып алып, басын інге қадай бастайды. Сонда Қош-қар батыр:
– Мен Қошқар батыр едім. Ешкімге есем кеткен жоқ еді. Міне саған белбеуім, саған сыйым болсын. Тек, сенен бір өтінішім бар: мені ат үстінен аударып алдым деп адам баласына айтушы болма..
Балта батыр болса кешірім сұрап, уәдесін береді. Қошқар батыр болса өлерінің алдында осы оқиғаны өзі айтып, Балта батырға бір арғымағын балаларына апарып беруін өтінеді.
Әйгел бидің көсемдік, өнегелі билігін ел азаматтары әлі де жыр ғып, әңгімелеп отырады. Ел азаматтары танымал бес жігітті: Жандарбек, Табай, Сандыбай (бидің өз ұлы), Уәйіс, Көбектің бірін болыстыққа салуға ұсыныс жасайды. Қайсысын таңдаймыз деп билікті Әйгел биге салады.
– Бұған балаң Сандыбай лайықты болар?
– Болмайды. Мінезі шадыр. Елдің дау-дамайына ұрынып кетер, – депті би.
– Жандарбек қалай депті?
– Ол ұры ұстайды. Еліңе ұрлық жараспас,– депті сонда би.
– Табай ше?
– Оның қазаны жоқ. Сараң ғой. Қазан мен қонақжайлық іске асады.
– Уәйіс қалай?– дегенде,
– Өзі жарайды-ақ. Көлемі аз, аймағы тар-ау,– деген екен би.
– Көбек қалай?– дегенде,би:
– Иә, бәсе, Сары Көбегім жарайды. Көлемі де бар, аймағы да кең, етек жеңі мол, соны сайлаңдар,– деп, батасын берген екен.
Әйгел би туыстыққа қарамай, шындыққа жүгініп Шалдыбайдың Көбегін болыстыққа ұсынады.
Торғайда болыстықты отыз жыл басқарған Ожан Құдабайдан Шалдыбайдың Көбегінің алуы тарихи оқиға іспеттес болады.
Әйгел бидің таңдауы Көбекке түсуі орынды болды. Көбектің етек-жеңі кеңдігі, халқына жағымдылығы, қонақжайлылығы-ел арасындағы беделін көтере түсті. Болыс сайлауында ұпай алуына көмектеседі. Алайда, әлде де ел ішінде Құдабайды жақтайтындар да бар деген сыбыс естіледі. Соны естіген Көбек бір жігітін шақырып алады да: Анау, жетім ауылын үш рет "Барлыбайлап" дауыстап айнала шап та елге орал,– дейді. Бұл істі жетімнің ши жақсылары да байқап қалады. Көбектің айтқаны орынды. "Барлыбайлап" аруаққа салдым деп кетті. Құдабаймен құда болсақ та, аруақтан шет болмайық,-деп бұлар да дауыстарын Көбекке береді. Көбек болыстықты жеңіп алады. Ел алдындағы абырой беделі арта түседі.
Болыстан айырылу Құдабайға ауыр тигенін сезіп Көбек қас арғымақ жетектеп бұрынғы болыс ауылына сәлем бере барады.
– Жетегіңдегі арғымағың неге екеу?– деп сұрайды Құдабай қонақтың сәлемінен кейін.
– Біреуі сіздің жабырқау көңіліңізді аулағаным. Екінші арғымақ болыстық киелі билік, болыстықтың мөрі үшін,– деп Көбек салмақты жауап қағады. Сол жылы болыс болып сайланғанына жыл өткен Көбек болыстық мөрімен еліне оралады.
Көбектің болыстық істегі өжет, қимыл, ақылды істері елде әлі күнге дейін жырдай айтылады. Сүлеймен төреге қарсы губерниялық соттағы бірлескен Көбек-Уәйістің төрелігі – Төке бидің ұрпақтары "жасаған қылмысты істі" жабудағы шешімі, Жаппас Басығарамен болған құдалық дауындағы Бекмағанбет Сәрінжіптің шешендік билігі, қазақтан 1916 жылғы соғысқа қарсы шыққандардың бірі Көтібардың Тоймағанбетінің болуы текті ұрпақтарының өнегесі болса керек.
Қазыбай Ақпанұлының 350 жылдығына орай сөз тартуыма бастамашыл бол-ған басты тұлға және деректермен қамтамасыз еткен Ғалым Баймағанбетов болды. Оның негізгі мамандығы құрылысшы. Елді нарық қыспағы қысқан ауыр кезеңде Ғалым отынсыз елін көмірмен қамтамасыз етті, жылытты. Іскерлігімен танылды. Бүгінде Қостанай жағында тұрады, кәсіпкер.
Ғалым ағайындарына бас болып Қазыбай баба басына көрікті белгі орнатты, қорым жаңғыртты. Енді Қитаба бабасына арнап, ас бермек, Құран хатым етеді.
Олардың тағзымы: "Өлі риза болмай, тірі байымайды" – қағидасы болмақ.
Біз де көппен бірге: "ниеттерің қабыл болсын, ағайын," – дейміз.
Әмірхан Абдуллин,
Жанкелдин ауданының құрметті азаматы.