Қыдырайық
Шықшы, жаным, көшеге қыдырайық,
Шал-кемпір боп серуендеп шынығайық.
Кереметін әлемнің танып, біліп,
Қызықтайық, құмардан бір шығайық,
Әр сағатты ғасырдай ұлықтайық,
Бірге жүрген бұл күнді ұмытпайық,
Ағып түскен жұлдыздай күні бітіп,
Көзім талса алдымнан болар ғайып.
Асықпа, сен, үйде де отырармыз,
Кәдесін ұйқы, жату толтырармыз.
Қас қағымы бір ғұмыр осы күнді,
Түсіре алмай уысқа сағынармыз.
Сезесің бе, жолдасым, жарығым-ау,
Өмір бесік әлдилеп тұр ғой мынау.
Сағынбастай ойыңнан шығып алшы,
Еркелетіп қоймас-ау түбі бұлай.
Еріп кетсем жастықтың елесіне,
Күлімдеп ораласың сен есіме.
Талай жыл қатар аттап, іңкәрліктің,
Шыға алмай келем әлі белесіне.
Ал, кәне, "боз сарайға" оралайық,
Немере, келін, бала күтер анық.
Өткенді естен кетпес жарық етіп,
Ұрпақтың жылуына оранайық!
Ғабдолла Ахметжанов.
Рудный қаласы.