Кеншілердің де жалақысы өседі
Елімізде Елбасы пәрменімен ең төменгі жалақы деңгейі жаңа жылдан бастап бір жарым есе ұлғаяды. Тапсырма табысы 28-40 мың теңгеден аспайтын 300 мыңдай жұмыскерге қатысты болғанымен, игі бастаманы шағын, орта және ірі бизнес өкілдері де қолдап отыр. Соның ішінде Рудныйдағы қала құраушы кәсіпорын – «ССКӨБ» АҚ бар.
Жасыратыны жоқ, елімізде халық көп тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасы жылына 5-6 пайызға қымбаттап келеді. Осыны ескерген Еуразиялық Топ басшылығы өз кәсіпорындарында жұмыс істейтін жетпіс мың жұмыскердің жалақысын екі рет 2016 және 2017 жылдары орташа есеппен 15 пайызға арттырды. Еңбекақы қоры 2012 және 2014 жылдары да қайта қаралған болатын. Енді келесі жылы рудныйлық кеншілер мен металлургтардың табысы тағы да 9-14 пайызға өспек. Кәсіпорындағы орташа жалақы 170-180 мың теңгені құрайтынын ескерсек, бұл пайыздардың өзі қомақты қаражат екені анық.
– Біз Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамын құрудамыз. Сол себепті Еуразиялық Топтың басты құндылығы саналатын еңбек адамына деген құрмет бізде ерекше. Өндірістің бел ортасында жүріп, сапа мен өнімділіктің кепіліне айналған «еуразиялықтарды» жан-жақты ынталандыра бермекпіз. Біз осы бағыттағы Мемлекет басшысының барлық шешімдерін қолдаймыз, – дейді Eurasian Resources Group Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Кен алыбы жұмыскерлерінің еңбекақысы біліктілікке, еңбек жағдайы мен нарықтағы сұранысқа қарай қайта есептелмек. Яғни он сегіз мыңдық еңбек ұжымының әрбір мүшесі қамқорлықты сезінбек.
– Бірлестіктегі жоспарланған жалақы өсімі туралы жаңалық баршамызға желдей есіп жетті. Бөркімізді аспанға атып, бұл оқиғаны ерекше ықыласпен күтіп жүрміз. Бұдан бөлек кәсіпорын қызметкеріне қомақты әлеуметтік пакет қарастырылған. Мысалға, дәрігер көмегіне жүгінсем, ем-дом қабылдап, дәрі-дәрмек сатып алатын болсам, белгілі бір мөлшерге дейінгі қызмет құнын жұмыс орны төлейді. Бассейнге жазылып, спортпен шұғылданғың келсе де жеңілдіктер көп. Жас отбасылар жаңа үйге қол жеткізіп, еңбекте өсіп жатыр. Осындай мүмкіндіктерді кез келген кәсіпорын бере бермейді. Сондықтан өз жұмысымды бағалаймын. Басшылыққа алғыс айтамын. Жаңа жалақы тұрмысымызға байланысты көптеген жоспарларды құруға түрткі болады, – дейді Қашар кен басқармасының экскаватор машинисі Бауыржан Есімұлы.
«ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиевтың айтуынша, жұмыскерлердің жалақысы мен әлеуметтік пакетінен бөлек соңғы бес жылдың өзінде кәсіпорын қаланың дамуына төрт миллиард теңге инвестиция құйған.
– Біз бұл қаражатты спортты дамуына, сауықтыруға, тұрғын үй бағдарламаларына жұмсадық. Зейнеткерлер мен қадірлі ардагерлер, олардың отбасылары да бір сәт назарымыздан тыс қалмаған. Бұл игі істер жалғасын тауып, тұрғындардың әл-ауқаты арта беретіндігіне сенімдімін. Бірлестік ұжымы Елбасының халыққа Жолдауын қолдайды және оны іс асыруға жұмылған жұдырықтай атсалысуға әзір, – дейді ол.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ