«100 жаңа есім»: Мәлика Мұқтарова
Мәлика Мұқтарова облысымыздағы үлгілі де үздік жастардың бірі де бірегейі. Ол қайтпас қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында Қостанай облысының мақтанышы айналып үлгерді. Бұл күндері Мәлика облыс аумағынан бөлек, республикада, ол аз десеңіз әлемдік деңгейдегі спорт додаларында танылып жүр. Еліміздегі арбада отырып билеуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Мәлика Мұқтарова биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысып жатыр. Жігерлі қыздың талабына нұр жаусын дейміз!
Мәлика 2000 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Сегіз жасынан сахнаға шығып, ән айта бастапты. Баланың өнерге деген талабын дер кезінде байқаған ата-анасы мен әжесі оны сан түрлі үйірмелерге қатыстырады. Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсағұлова негізін қалаған «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігіне барған күннен бастап арбадағы би өнерімен танысады. Осы өнер түрі ұнаған соң, үйірмеден қалмауға тырысады. Табандылығының арқасында 2015 жылы Қостанай облысының 5 дүркін чемпионы атанды. 2016 жылдан бастап халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан шыға бастады. Әлем кубогы мен құрлықтық кубоктық сайыстарда жүлделі орындардан көрінді.
Кейіпкеріміз биыл Қостанай қаласындағы №9 орта мектепті бітіріп, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің музыка факультетіне оқуға түсті. Қабілетті қыз ән мен бірге би үйірмесіне де қатысып, университет қабырғасында шығармашылығын шыңдауда. Сонымен қатар облысымыздың атынан «100 жаңа есім» жобасына қатысып жатыр. Қостанайдың мақтанышына дауыс беремін десеңіз http://100esim.el.kz/kz сайтына кіріңіз. Аталмыш жоба Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасауға арналған бастама. Оның мақсаты – тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.