“Ақылды” жобалардың жемісі
Қостанайда "Ақылды сүт" жобасы енгізілді. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз-конференциясында Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов мәлім етті.
– Облысымыз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша «Пилоттық жоба» ретінде белгіленді. «Ақылды ет фермасы» жобасы – «Қостанай облысының ет кластері» жобасының операторы. Ол «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фермасының базасында жүзеге асырылуда. Жалпы саны шамамен 9 мың ірі қара мал басын құрайды. Қазіргі кезде шаруашылықта цифрландырудың келесі элементтері енгізілген: RFID (Ерефайди) құлақ биркілерін орнату, азықтандыруды бақылау жүйесі, тиімсіз жануарларды анықтап шығару, ұшқышсыз ұшу аппараты. Экономикалық тиімділігі – бір жылда 122 тонна қосымша ет алу және жемнің 10% үнемдеу, – деді әкім.
«Нақты егін шаруашылығы жүйесін енгізу» жобасы екі кәсіпорында («Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Трояна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) енгізіліп жатыр. Тәжірибелік алқаптарының картограммасы жасалды, оларда егіс кезінде минералдық тыңайтқыштар сараланып енгізілді және тұқым себу жүзеге асырылды.
Қосарлас жүргізу технологияларын енгізу жөніндегі техника паркі жаңғыртылды, жанар-жағар майды есепке алатын және техниканы орнынан ауыстыру есебін жүргізетін датчиктер орнатылды. Егін шығымдылығының, ылғалдылығының, дән бастырудың онлайн мониторингі жүйесі енгізіле отырып, егін жинау техникасы қайта жарақтандырылды.