Қамкөңілдерге қамқорлық
"Жерде бір жетім жыласа, аспанда мың періште күрсінеді" деген сөз бар. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қанша жерден қамқорлық жасағанымен, ата-ананың аялы алақанын еш нәрсе алмастыра алмайтынын шындық. Бүгін Қостанай облыстық "Ұлттық жол сапа" орталығының мамандары, 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай қамкөңіл бүлдіршіндермен жүздесуге арнайы барды.
«Көздері мөлдіреген кішкентайлар алдымыздан жүгіріп қарсы алды, әсіресе, қолымыздағы сыйды көріп, одан бетер қуанды. Батпырауық, ұшақ, бадминтон сынды ойыншықтарды үлкендері кішілеріне үлестіріп беріп жатты. Бір-біріне жанашырлықпен қарап, бір-біріне қолдау көрсетіп жатқан өздері балаларды көріп жүрегіміз бір езілді», – дейді облыстық филиалдың директоры Абылайхан Алшынбаев.
Ойыншықпен қоса тәтті сыйларын алып келген меймандарға кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығының балалары дән риза. Меймандар балаларды мерекемен құттықтап, олармен бірге дәмді дастархан басына отырды.
Жетімдерге қамқор болу немесе қамқор болғандарға қолдау көрсетіп, сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Қайырымдылық қанат жайып, сүйіспеншілік салтанат құрған елдің ғана болашағы баянды.