Жағажайлар қызметке дайын
Облыста суға шомылу маусымына дайындық жұмыстары басталды. Бұл күндері жағажайларды жарақтандыру, құтқару бекеттерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов айтуынша, суға түсуге әлі ерте. Жағажайларды жарақтандыру, құтқарушылардың керек-жарағын түгендеп шығу – күн тәртібіндегі басты мәселе.
Талғат Кәкімовтің айтуынша, облыста биыл тағы қосымша 6 құтқару бекеті ашылады. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері болса, әдеттегідей күшейтілген кестеде жұмыс істеуге көшеді. Рейд шаралары өткізіліп, мектептерде «Қауіпсіз демалыс» жобасы қолға алынады.
Қауіпсіздік шараларына құтқарушылардан бөлек, жергілікті полиция, білім басқармасы және тіпті мәдениет басқармасы да жұмыла кіріспек.
Айта кету керек, қалада шомылуға рұқсат етілген 3 орын бар. Олар: Қостанай қаласының орталық жағажайы және 2 жеке меншік демалыс орны. Бұл нысандар арнайы құтқару жабдықтарымен қамтылған. Олар қазіргі уақытта қызмет көрсетуге дайын. Ал, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері таныс емес жерлердегі өзен-көлдерде шомылу қауіпті екенін естен шығармауды тағы ескертеді.
Ережелерді елемей, талаптарды ескермегендерге енді әкімшілік айыппұл салынады. Мұндай қадамға барудағы себепті құтқарушылар бақытсыз жағдайлардың жиі тіркелуімен түсіндіреді. Облыс орталығында бүгінгі күнде Гагарин бөгеті ауданында тыйым салатын белгі қойылды. Сол сияқты жағажай маңында және «Геолог» пен «Дорожник» саяжай қоғамдардың маңында, КЖБИ ауданында орнатылды.