Даму бағыты – күре жол
Қостанай ауданындағы №2 орта мектепте болашақ Тобыл қаласының даму мәселелелері талқыланды. Жиынға өңір басшысы Архимед Мұхамбетов пен облыстық басқарма басшылары, ауыл әкімдері қатысты. Қостанай ауданының әкімі Қайрат Ахметовтің сөзінше, қазіргі Затобол кентінің дамуы үшін әлі бірнеше әлеуметтік нысан тұрғызу қажет. Бұған қоса, жуық арада аудан ішіндегі негізгі жолдар қалыпқа келтірілуі тиіс.
– Бүгінде аудандағы 70 мыңнан астам адамның тең жартысы Затобол, Заречный және Мичурин ауылдарында тұрады. Аталған елді мекендердегі 135 шақырым жолдың 96 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге қарастырып отырмыз. Жыл сайын жаяу жүргіншілер жолын салуға 35 млн теңге бөлу керек. 2021 жылға дейін барлық көшеге жарықшамдар орнатылады. Оған бюджеттен 188,5 млн теңге бөлінеді, – деді Қайрат Ахметов өз баяндамасында.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жол жөндеуге бағытталған қаржыны қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол тасжолды салқын ресайклинг әдісімен қалыпқа келтіруді ұсынды. Архимед Мұхамбетов айтқандай, бұл әдісті қолданған кезде жолдың сапасы жақсарып, өзіндік құны едәуір арзандайды. Соңғы үш жылда аталған әдіспен 100-ден астам көше жөнделген. Мамандардың айтуынша, ресайклинг әдісі – түрлі қосымшалар арқылы түрлендіру арқылы асфальттың сапасын жетілдіру. Битум мен асфальтты бетонның пайдалану қасиетін полимерлік қосымшалар арқылы түрлендіру битумның ыстыққа төзімділігін арттырады, созылмалығын кеңейтеді, оның тас материалдармен бірігуін жақсартады. Әлемдік жол құрылысының жаңалығы саналатын бұл әдіске жүргізілген зерттеулер полимерлерді қолдану арқылы асфальтты бетонның мықтылығын, жарылып кету және жылжып кетуге тұрақтылығының артатынына көз жеткізді-міс.
Сонымен, биыл болашақ Тобыл қаласында бірнеше шағынаудан пайда болады. Бұған қоса «Северный» шағынауданында құрылысы басталған 11 көпқабатты үй халық игілігіне берілмек.
– Қазіргі уақытта «Северныйға» қажетті инфрақұрылым – газ, су, электр жарығы өткізілген. Мұндағы 8 үй несиелік бағытта, қалған 3 үй жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне тапсырылады. Жаңадан бой көтеретін «Бәйтерек» және «Астана» шағынаудандарында 72 көпқабатты үй тұрғызылады, – деді аудан әкімі.
Архимед Бегежанұлы Затобол кентіндегі ескі ғимараттарды сынға алды. Оның сөзінше, тозығы жеткен құрылыс орындары болашақ қаланың дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді.
– Біріншіден, ғимараттар қаланың көркі десек, оны ретке келтіруді тез арада қолға алыңыздар. Дамуды тежейтін фактордың бірі осы. Әуелі, тұрғын үйлердің қасбетін дұрыстаңыздар. Үйлердің сырты бір түсті болсын. Аудан орталығында заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандары бар. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Иесіз тұрған ғимараттарды пайдаланбасаңыздар, мемлекеттің меншігіне өткізу қажет, – деп ескерту жасады өңір басшысы.
Облыс әкімі аудан орталығында спорт алаңдарын көбірек салуды тапсырды. А.Мұхамбетов мемлекеттік қызметшілерге жаңа ғимарат салу туралы аудан әкімінің ұсынысын қолдаған жоқ.
Еске салсақ, Қостанай облысындағы Затобол кентінде осы елді мекенге қала мәртебесін беру және атын өзгерту мәселесіне арналған жергілікті қоғамдастықтың жиналысы өткен еді. Сол жиынның қорытындысында 26 адамнан тұратын комиссия бірауыздан осы ұсынысты қолдады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев