Мейірімділіктің бастауы
Елімізде жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасы балаларына, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге жаңа оқу жылының басында қолдау көрсету мақсатында "Мектепке жол" акциясы ұйымдастырылады.
Осы қайырымдылық шарасына атсалысып, кішкентай бүлдір-шіндерге қолдау көрсетуді өңірдегі басқармалар мен ведомстволар басшылары, әр деңгейдегі әкімдік қызметкерлері де дәстүрге айналдырған. Қостанай қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері де бұл игілікті істен шет қалған емес. Олар бұл жолы қаламыздағы №18 орта мектебінің бірінші сыныбына барғалы отыр-ған Карина Бекбосыноваға спорттық костюм, спорттық аяқ-киім мен рюкзак және т.б киім-кешектер мен оқу-құралдарын сатып әперді.
– Елбасының жас жеткіншіектерді мектепке толық баруын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында "Мектепке жол" акциясы жалғасын тауып келеді. Аз қамтыл- ған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, оларға жүрек жылуын ұсыну әрбір адамның азаматтық парызы деп білемін, – дейді Қостанай қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері Асхат Баденов.
"Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің" демекші, қайырымдылық шарасына қол созған мейірімді жандарға Каринаның анасы да зор алғысын білдірді.
Қарлығаш
ОСПАНОВА