Тағылымды мереке
Таяуда Қостанай педагогикалық колледжінде думанды жылдың шымылдығын педагогтардың көркемөнерпаздық конкурс-байқауы ашты. Байқау барысында оқытушылар тек бала оқытып қана қоймай, тамаша өнер иесі екендіктерін таныта түскендей.
Колледждегі мәдениет бөлімінің меңгеруші С.Доспанова асқан кәсіби шеберлікпен "Өмір ағымы" атты үкілі бөрік киген қазақ қызының балауса жасөспірімнен – бойжеткенге, сәукелелі жас аруға, жас келіннің – ақ жаулықты сәби сүйген жас анаға, одан кимешекті әже, кейуанаға айнал-ған шағы – хореографиялық қойылыммен өріліп, ғажап болып шықты. Оқытушылар Ю.Сухов пен Б.Шаяхметовтің "Смуглянка" хореографиялық қойылымынан кейін, А.Қалиевтің "Мен – қазақпын!" атты ержүрек жырын Л. Ыбраева көркемдеп оқыды. Онымен қоса Батырбек Байназаровтың жетекшілігімен құрылған қазақ ұлт аспаптары оркестрі Дәулеткерейдің "Көрғұлы" күйін орындағанда өткен дәуірді шарлап шыққандай болдық. Өнерлі жандардың әрбір өнері өзінше керемет болды.
Кеш барысында биылғы жылдың барлық мерекелік тақырыптары хроникалық киносуреттемелермен үздіксіз көрсетіліп отырды. Мерекеге қатысушылар басынан-аяғына дейін арнайы тапсырыспен тігілген, тақырыптық костюмдермен шығуы – өте бір сирек кездесетін жағдай, бұл шараға қатты мән бергендігінің дәлелі еді.
Елу адамдық хор оқытушы-маман Анна Гричуктің дирижерлігімен Ж.Нәжімеденов пен Ш. Қалдаяқовтың "Бейбіт күн – тілегі" әнін, орыстың "Родина моя" хорын өз деңгейінде орындағаны көңілімізді одан да әрі шалқытып жіберді.
Мереке соңы өнер сүйер қауым мен құрметті қонақтардың ризалығын паш еткен, ұзақ қол шапалақтауына ұласып, соғыс-еңбек ардагерлеріне ұсынылған гүл шоқтарымен көмкерілді.
Әбдіқадыр Әбдірайымұлы,
педколледж қызметкері.