Білім сапасын арттыру – басты міндет

Тамыз кеңесі – бұл педагогтардың жылына бір рет бас қосып, дәстүрлі  баяндама жасап тарқасатын жиыны ғана емес, ол жаңа оқу жылы қарсаңында білім  саласында тұрған аса маңызды міндеттерді  талқылайтын алқалы кеңес.
Қостанайда өткен тамыз кеңесі биыл ерекше жағдайда ұйымдастырылды, өңір ұстаздары мен аудан әкімдері бұл жолы ғаламтор желісі арқылы байланысқа шықты. Бейнеконференция барысында білім саласындағы келелі мәселелер талқыланып, педагогтар жұмысының нәтижесі айтылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ә.Төртқараеваның айтуынша, соңғы жылдары өңірдегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жұ-мыстары жақсы жолға қойылып келеді. Облыс бойынша 2004 жылдан бері жаңадан салынған және жөндеуден өткен барлығы 34 нысанға 13 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Биыл республика бюджетінен бөлінген 1 млрд. 392 млн. теңгеге Қостанай қаласында 500 орындық, ал облыс қазынасынан бөлінген 657 млн. теңгеге Рудный қаласының Перцев ауылында 150 орындық мектептердің құрылысы басталды. Аталған білім ошақтарының құрылысы келер жылы аяқталатын болады. Дегенмен, өңірде қысқарып жатқан мектептер саны да жетіп артылады. Білім ошақтарының азаюы Аманкелді, Денисов, Сарыкөл және Қарасу аудандарында байқалады. Бейнеконференцияда жергілікті билік басшылары мұны оқушылардың азаюына байланысты мектептердің біріктірілгендігімен түсіндірді.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беру мәселесі де біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Мәселен, облыстағы 550 жалпы білім беру мекемелерінің 94-інде инклюзивті білім беруге жағдай жасалған көрінеді. Соңғы үш жыл ішінде  үйде білім алатын мүгедек балаларға қажетті кешенді құралдар алу үшін республика бюджетінен 114 млн. теңге бөлінген. Ал, облыс бойынша  11 психологиялық-педагогикалық кабинеттерден барлығы 705 бала коррекциялық көмек алады. Дегенмен, өңіріміздің Алтынсарин, Жанкелдин, Қамысты, Қарасу және Таран аудандарында мұндай кабинеттер жоқтың қасы. Сондай-ақ, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған оқушы балалар да білім басқармасының назарынан тыс қалған емес.
Маңызды мәжілісте оқулықтармен қамту мәселесі де әңгіме арқауына айналды. Басқарма басшысы 2015 жылға қарай оқушылардың барлығы 100 пайыз тегін оқулықтармен қамтылатындығын, әйтсе де барлық мектептердегі кітап қоры жеткіліксіз екендігін алға тартты. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Мәселен, биыл 3 және 10 сынып оқушыларына оқулық тегін беріледі. Ал, оқушыларды жүз пайыз тегін ыстық тамақпен қамту мәселесіне келсек, бұл жөнінен облыстағы көрсеткіш 89,5 пайызды құрап отыр. Тек, облыстың Лисаков, Рудный қалалары мен Жітіқара, Федоров, Науырзым аудандарының барлық білім ошақтары ыстық тамақпен қамтылған. Дегемен, соңғы екі жылда өңірдегі мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету көрсеткіші 1,8 пайызға төмендеген. Өңір басшысы бұл түйткілді мемлекеттік және жекеменшік әріптестік байланыс негізінде шешуді тапсырды.
– Жеке кәсіпкерлерге мектептердегі асханаларды жалға беру мерзімін ұлғайтқан жөн. Жекеменшік және әріптестік байланыс негізіндегі жұмыстарды үдету керек, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Мектептердегі оқу бағдарламасы ағымдағы жылы өзгеріссіз қалса, кейбір колледждер білім берудің жаңа дуалдық жүйесіне көшкелі отыр. Бұл жоба облыстағы 8 колледжде іске асырылмақ. Жалпы, дуалдық жүйе өз мәнісінде білім беру мекемесі мен өндірісте қатар білім алуды білдіреді. Мамандар тың бағдарламаның болашақ маманның өз кәсібін жетік меңгеруіне, оның жұмысқа еш кедергісіз орналасуына жол ашатындығын айтады. Дуалдық  жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен  дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп,  жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта өңірде 17 кәсіпорын кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерімен меморандумға қол қойған. Себебі, кәсіптік білім берудің дамуына жұмыс берушілер белсенді араласпайынша, қазіргі заманғы өндірістің талаптарына сай мамандар да тапшы бол- мақ.
– Кәсіпорындардың оқу процесіне қатысуы кәсіби дайындықтың деңгейін арттырып, оның еңбек нарығы сұраныстарына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Бүгінде кәсіптік және техникалық мамандықтарға еңбек нарығында сұраныс жоғары болғанымен, дені осы салада жұмыс істеп жүрген жоқ. Сол себепті мемлекет үшін маңызды мамандықтарға олардың қызығушылықтарын ояту керек, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры М.Әбенов.
Облыс әкімі дуалдық жүйеге бірінші кезекте үдемелі индустриалды бағдарлама аясында іске қосылған кәсіпорындардың қатысуы керектігін алға тартты.
– Студенттер жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйренеді. Оқу  бітіргеннен кейін еш кедергісіз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алады. Әрине, білім сапасының ойдағыдай болуы педагогтардың біліктілігіне байланысты. Оқытудың қызықты әдіс-тәсілдерін қолданған ұстаздың сабағын шәкірті де асыға күтетіні сөзсіз. Сол себепті жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде кеңінен қолдану керек, – дейді Н.Садуақасов.
Ұлттық бірыңғай тестілеу білім сапасының басты көрсеткіші десе де болады. Биыл облыста орташа балл деңгейі 79,94 шамасында, мамандардың пікі-рінше білім сынағының нәтижесі жаман емес. Тамыз кеңесінде оқушыларды отбасылық өмірге тәрбиелеу мәселесі де сөз болды. Енді 1 қыркүйектен бастап өңірдің мектептерінде жоғары сынып оқушыларына арналған "Отбасы психологиясы" пәні өткізілетін болады. Мамандардың айтуынша, жаңа пән оқушылардың отбасы құндылықтарын түсінуіне, отбасы институтын нығайтуға көп әсерін тигізетін болады.
Жиын соңында облыстың ең үздік деген ұстаздары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және "Ы.Алтынсарин" төсбелгісімен марапатталды. 
Қарлығаш
         ОСПАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓