Заңсыз 22 сайт әшкереленді
Қостанай полицейлері облыста өткен «Anti–Fraud» жедел алдын алу шарасы аясында кезекті рет интернет-ресурстарға сараптама жүргізіп, құқыққа қайшы сипаттағы материалдары бар 22 сайтты әшкереледі. "Пираттық" контенттермен "күнкөріс" жасаған бұл сайттар таяуда бұғатталады.
Сондай-ақ, «Anti-Fraud» шарасы кезінде киберқылмыскерлер де құрықталды. Олар қарапайым тұрғындарды сан соқтырып келген. Айталық, 24 қыркүйекте Қостанай қаласының тұрғыны екі күн бұрын интернет алаяғының құрбаны болғанын айтып полицейлерге шағымданған. Жапа шеккен әйелдің айтуынша, «OLX» сайты арқылы жалға пәтер алғысы келіпті. Әлдебір хабарландыру пәтер бағасының арзандығымен әрі қолайлы жағдайларымен мұның назарын бірден аудартқан. Сатушы телефон арқылы байланысқан жәбірленушіні пәтерақыны ертерек төлеу керектігін айтады. Сөзіне сенген тұрғын сатушы кеңес берген бөгде ер кісіге барып, қолына 56 500 теңге санап берген. Бұдан соң жалға беруші тұлға бұл әйелмен арадағы байланысты үзіп, телефонын өшіріп тастайды. Киберқылмыскерге алданып қалғанын біліп есін жиған ол екі күннен соң ғана тәртіп сақшыларына жүгініпті.
Бір айдан кейін алаяқтық жасады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Олар сол кезде нақ сондай баукеспелікпен Қостанайдың басқа бір тұрғынынан 57 мың теңге "пайда" тауып жатқан.
25 қыркүйекте облыс орталығының тағы бір тұрғынының 75 мың теңгесін туысқаны алдап алып кеткен. Қуаяқ әуелі жапа шегушіден қарыз сұрап, дегеніне жетпегесін сіңлісінің атынан несие рәсімдеуді шешеді. Барлық қажетті ақпараттарды біліп тұрғандықтан, қылмыскер интернеттегі сайттардың бірі арқылы несиеге өтініш жіберіп, оны жапа шегушінің атына рәсімдеп жіберген. Қазір осы деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
"Қостанай тәртіп сақшылары тағы да азаматтарға интернет арқылы сауда жасар кезде барынша сақ болуды ескертеді. Барлық келісім-шарт екі тараптың көзбе-көз кездесуі арқылы ғана іске асуы қаперден шықпауы керек. Сондай-ақ, өз мүлкіңізді қауіпсіздендіру үшін карталық шоттарыңыздың дербес анықтамаларын және пин-кодтарды бейтаныстарға ешқандай жағдайда айтуға болмайды. Егер қалай болғанда да алаяқтардың құрбанына айналсаңыз, бірден полицияға жүгінуіңіз шарт", – деп хабарлайды Қостанай облысы полиция Департаментінің баспасөз қызметі.