Жаңа бағдарлама жарылқай ма?

Қостанай өңіріне арнайы іссапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс әкімінің есеп беру жиынынан кейін ардагерлермен, мүмкіндігі шектеулі жандармен және жастармен кездесіп, оларға зейнетақының өсуі, жәрдемақы мәселесі, тегін кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі жайлы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, министр Елбасының биылғы Жолдауындағы негізгі міндеттерге де тоқталды.IMG_7317Министрмен кездесу барысында, ең алдымен, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укин мен облыс әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі А.Дабылов баяндама жасап, өз салалары бойынша атқаралып жатқан жұмыстарға тоқталды. Одан кейін сөз алған Т.Дүйсенова ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында елімізде біраз жұмыстардың қолға алынғандығын жеткізді. Соның ішінде, Елбасының биылғы Жолдауында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына 2017-2018 жылдары азаматтарды әлеуметтік қамту деңгейін біртіндеп көтеруді қадап тапсырғанғандығын тілге тиек етті.IMG_7322
IMG_7344 – Елбасы өзінің халыққа жолдаған соңғы Жолдауында үшінші жаңғырту кезеңіне көшу қажеттігін жариялағанын атап өткен еді. Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруін қамтамасыз етуді көздеген бұл қадам әлеуметттік-еңбек саласындағы бірқатар міндеттерді шешуге де септігін тигізбек. Бір қуанарлығы, жыл сайын елімізде әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражаттың да көлемі өсуде. Мәселен, өткен жылы 1,8 трлн. теңге әлеуметтік салаға, соның ішінде 1,3 трлн. теңге зейнетақы төлеуге бөлінді. 2017 жылдың 1 қаңтарында ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға өсті. Енді ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап тағы да 11%-ға ұлғайтылады. Базалық зейнетақы мөлшері де жылдың басында қосылған 7 пайызды ескергенде, 13%-ға көтеріледі. Нәтижесінде, біз 2016 жылмен салыстырғанда зейнетақы мөлшерін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етеміз. Есептеуімізше, ең аз деген зейнетақы мөлшері 50 мың теңге, орташа – 65 мың теңге, ал жоғары зейнетақы мөлшері бұдан да көп пайызға көбейетін болады. Бұл барлық зейнеткерлерге немесе 2 миллионнан астам адамға қатысты. Бюджетті нақтылау кезінде бұл мақсатқа шамамен сексен млрд теңге көзделген, – дейді Т.Дүйсенова.IMG_7338Сондай-ақ, министрдің айтуынша, екінші кезеңдегі жаңа әдістеме бойынша есептелетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы және базалық зейнетақы мөлшері 16%-ға дейін артпақ. IMG_7325-Ал, өсімнің үшінші кезеңі тек базалық зейнетақыға қатысты болады, яғни 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап күнкөріс деңгейі мен жұмыс тәжірибесіне байланысты базалық зейнетақыны бекіту механизмі толығымен өзгереді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінде қырық жыл еңбек өтілі бар адам мен бес жыл еңбек өтілі бар адам тең мөлшерде базалық зейнетақы алып отыр. Енді, келер жылдан бастап бұл жүйеге өзгеріс енгізіледі. Демек, базалық зейнетақы енді азаматтардың еңбек өтіліне қарап төленетін болады. Мәселен, еңбек өтілі 10 жылға дейінгілердің базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең болмақ. Жиырма жылға дейінгі еңбек өтілі бар үшін 74 пайыз, ал отыз жылдан астам еңбек еткендер 100 пайыз ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінде зейнетақы алатын болады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 147 млрд. теңге қаражат бөлінгелі отыр, – дейді Тамара Дүйсенова.
Кездесу барысында министр Елбасы тапсырмасына орай, қолға алынған тағы бір игілікті бағдарламаның барысымен де таныстырды. Осы бағдарлама аясында еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерге, сонымен қатар кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту ұйымдастырылатын болады.IMG_7356– Президент тапсырмасына байланысты еңбек ресурстарының біліктілігін көтеру мақсатында жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдрған арналған бағдарламасы жасалды. Енді жаңа бағдарламаның негізінде еліміздің азаматтары мен жастары нарықтық сұранысқа ие кәсіп пен кәсіпкерлік негіздерін тегін оқуға мүмкіндік алатын болады. Оқуға кететін шығынды да, жатар орын мен шәкіртақы, жол құны мен тамағын да мемлекет өз мойнына алып отыр. Сондай-ақ, шалғай жерлерде тұратын азаматтар мен жастарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін жергілікті жерлерде мобильді оқу орталықтары да ұйымдастырылатын болады. Мұндай жағдай бұрын-соңды жасалған емес. Сондықтан, еліміздің азаматтары, әсіресе жастар жағы бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар, – деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар, министр жаңа бағдарлама аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмыссыздарды оқыту, азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, ауылда және қалада шағын несиелендіруді кеңейту сияқты мәселелерді де алға тартты. Ал, кездесу соңында Тамара Қасымқызы жиналғандар тарапынан қойылған тыл ардагерлеріне төленетін арнайы төлемдерді өсіру, 18 жастан асқан мүгедек баласы бар аналарға арнайы жәрдемақы төлеу, инватакси, несие алу сияқты әлеуметтік маңызы бар сауалдарға тұщымды жауап берді әрі осы айтылғандардың бәрі бақылауға алынатындығын да жеткізді.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓