Өңір шаруасы озып тұр
Цифрлы жобалардың жемісі
Науырзым ауданында мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүргізіліп келеді. Солардың бірі – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылған жобалар туралы аудан әкімі Талғат Кәрбозов айтып берді.
Аудандық агроөнеркәсіптік кешенін цифрландырудың негізгі екпіні нақты егіншілік элементтерін енгізуге және мал шаруашылығын цифрландыруға бағытталған. Бірінші кезең геопозициялық, вегетациялық, агрохимиялық, гидрогеологомелиоративтік және метеорологиялық қабаттары бар өрістердің электрондық карталарын жасауды көздейді.
– Бүгінгі күні ауданда 292,9 мың га егістік немесе 1 024 алқап цифрландырылды. Біздің фермерлер егін алқабының электрондық картасы арқасында электрондық сандық қолхаттарды белсенді пайдаланады. Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы үйдегі компьютерінен шықпастан, астықты сату мүмкіндігін пайдаланып отыр. «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында аудандық Жол картасы әзірленді. Осы бағдарламаға сәйкес ауданда «электрондық малшы» деп аталатын «Spot Trace» малға спутниктік GPS мониторингі енгізілді, – деді Талғат Кәрбозов.
Жайылымдағы жылқылардың орнын қашықтан бақылау үшін 6 GPS-трекер сатып алынды. Осылайша, кез келген уақытта телефон немесе компьютер арқылы Google карталарының көмегімен табынның қозғалуын көру мүмкіндігі бар, бұл жануарлардың толық қадағалануын және мал ұрлығын болдырмайды. GPS-трекерлерден басқа жайылымдарда жылқылардың орнын қашықтықтан бақылау үшін «Оджахвердиев» шаруа қожалығымен 44 бірлік техникаға GPS-жабдық пен бақылау датчиктері сатып алынды. Оның ішінде 38 «КамАЗ» автомобилі бар. Сондай-ақ, 6 трактор жұмыс істейді. Олар: 5 К-744 тракторы, 1 Buhlr Versatile тракторы.
– «Кошкодан» шаруа қожалығы егістіктің жай-күйін анықтау, дақылдардың өсу сапасын және олардың аурулармен зақымдану ықтималдығын бағалау үшін DJI маркалы дрон сатып алды. Дрон арқасында шаруашылық көп ақпаратты жинау және өңдеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл табыстың артуына және өнімділіктің жақсаруына әкеледі. Цифрлық технологиялар біздің шаруаларға дәл қазір шетелдіктермен тең мүмкіндіктер ашты. Мысалы, нақты егіншілік мүмкіндіктері үлкен қызығушылық тудырады. Геологиялық ұстаным жүйесі, жерсеріктік суреттер мен алқаптарды агрохимиялық зерттеу карталарының көмегімен фермерлер тыңайтқыштарды енгізуге, егістіктерді өңдеуге, ауыл шаруашылығы дақылдарын себу нормаларын және егіс айналымы құрылымын мүлдем дәл және қатесіз анықтауға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, шығындар азаяды, ал егістіктің қайтарымы еселеп өсті, – деді өңір басшысы.
Бес бастаманың орындалуы
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы жастардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына және халық игілігіне бағытталған. Бес бастаманы түсіндіру жұмыстары аудандық ұйымдар мен мекемелерде еңбек ұжымдарында өтті. Сонымен бірге, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары аудандық «Науырзым тынысы» газеті, аудан әкімдігінің ресми сайты арқылы жүргізілді.
Мемлекет басшысы екінші бастамада жалақысы төмен азаматтардың салық жүктемесін 10 есеге қысқартуды тапсырды. Бұл берілген тапсырма аймақтардағы өзекті мәселе болатын. Өйткені, негізінен ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың табысы да төмен екені анық. Өңірдегі орташа айлық жалақының айырмасы да әлеуметтік жағдайдың теңгеріміне әсер ететін. Президент ұсынған салық жеңілдігі аз жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыруға мүмкіндік берді.
– Біздің аудан аграрлық салаға арқа сүйеп отырған аймақ болғандықтан, сала еңбеккерлерінің табыс салығын азайту бастамасын қуана қабылдады. Сол сияқты, өңірдегі өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың қарасы едәуір. Айлық табысы орташа көрсеткіштен аспайтын олар үшін де үміт оты тұтанды. Жалпы Науырзым ауданы бойынша бюджеттік бағдарламалардың 23 әкімшісі бар, қызметкерлердің жалпы саны 1037 адамды құрайды, оның ішінде еңбекақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен аз қызметкерлер саны – 498 адам, – деді Т.Кәрбозов.
Науырзым ауданында 691 адам түрлі шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Шағын орта кәсіпкерлік барлық субъектілері бойынша еңбекақы төлеу қоры – 239220 теңге.
Елбасының шағын несие беруді көбейту бастамасы Науырзым тұрғындарынан қолдау тапты. 2018 жылдың екінші бағыты бойынша 129 млн 200 мың теңге бөлінді. Соның ішінде, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 100 млн теңге бөлінсе, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алынған қаражат – 29 млн 200 мың теңге.
Жыл сайын тамыз айында «Науырзым ауданының білім беру бөлімі» ММ және «Науырзым аудандық орталық ауруханасы» МКҚМ кадрлар қажеттілігі бойынша өтінім тапсырады. Тапсырылған өтінім бойынша жаңа оқу жылына жаңа студенттер қабылданады.
Жалпы, Науырзым ауданында Елбасының бес бастамасы жоғары дәрежеде іске асып келеді.