Балабақшаға электронды кезек
Қостанай қаласында 1-қазаннан бастап балабақшаға кезекке тұрудың электронды жүйесі іске қосылды. Бұдан былай сайт арқылы балаңызды балабақшаға орналастыра аласыз. Жаңа жүйе туралы қажетті ақпараттар garden.kst-goo.kz веб-порталында орналасқан. Бұл жаңалықты бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брефингте қалалық білім бөлімінің басшысы Василий Цымбалюк хабарлады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің электронды кезекке қоюдың бірыңғай талаптары туралы 2017 жылғы бұйрығына сәйкес, балаларды балабақша кезегіне қоюдың жүйесі жаңарып отыр. Мұндай жаңашылдық еліміздің бірқатар қалаларында жұмыс істеуде. Олар: Қарағанды, Орал, Шымкент, Семей, Теміртау сияқты шаһарлар. Бұл қатардан енді Қостанай қаласын көруге болады.
– Жаңа жүйе мазмұнды әдістемелік құралдардың негізінде жасалды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде қалалық білім бөлімінен 17 миллион теңгеден астам қомақты қаражат бөлінді. 0-7 жас аралығындағы балаларды балабақша кезегіне электронды тіркеу жұмыстары сәтті аяқталды. Қазіргі күні жүйеге қалалық білім бөлімімен қатар 24 мемлекеттік және 43 жекеменшік балабақша қосылды. 2017 жылға дейін электронды кезекке қоюдың нақты қалыптасқан ережесі болмаған еді. Бүгінде автоматтандыру жүйесі жетіліп, қолданысқа еніп отыр. Білім беру мекемесіне бармай-ақ үйде отырып, компьютер немесе ұялы телефон арқылы кезекті реттеуге болады. Бұл жерде құжаттар қағаз жүзінде талап етілмейді. Бәрі электронды түрде іске аспақ. Мұндай жоба кезекті жылдамдатып, жемқорлық фактісінің алдын алады,-деді қалалық білім бөлімінің басшысы Василий Цымбалюк.
Қазіргі уақытта жаңа жүйе арқылы 8900 бала электронды кезекте тұр. Ата-ана garden.kst-goo.kz веб-порталына өзінің ЖСН енгізіп, балаға қатысты мәліметтерді орналастырады. Бұдан кейін бос орындар туралы сайттан күн сайын қарап, бақылап отыруыңыз қажет. Егер, ұялы телефоныңызға бос орын туралы ақпарат келсе, 3 күннің ішінде балабақшаны таңдап, жолдаманы рәсімдейсіз. Үш күннің ішінде жолдаманы алмасаңыз сіздің кезегіңізге басқа азаматтар үміткер болады. Өтініш толтыруға, жолдама беруге білім бөлімінің мамандары араласа алмайды.
Жаңа жүйенің ендігі бір өзгешелігі. Балаңызды балабақшаға беруге шешім қабылдаған сәттен бастап 026/У-үлгісіндегі бала денсаулығы паспортын дайындап қоюыңыз керек. Өйткені, электронды түрде берілген балақша жолдамасын бес күннің ішінде рәсімдеп, ТУУ туралы куәлік пен бала денсаулығы паспортын қоса тиісті жерге тапсырып үлгеруіңіз қажет. Балабақшалар аталмыш мемлекеттік қызметті көрсету кезінде бұдан басқа құжаттарды талап етпейді. Басқа да құжаттарды кейін, балабақшаға барып келісім-шарт жасау кезінде сұрауы мүмкін. Осы орайда, ата-аналардың назарына айтарымыз, жаңа жүйе бойынша бала денсаулығы паспортынсыз балабақша кезегіне жолдама рәсімделмейді. Сол себепті бұл құжатты алдын ала дайындап алыңыз.
Электронды қызмет күндіз-түні жұмыс істейді. Бос орындар туралы ақпараттар сайтта күн сайын жаңарып отырады. Сондай-ақ әр ата-ана жылына бір рет, 1-қазанға дейін электронды өтінішінің маңызды екенін растап отыруы тиіс.