Туған күніңмен, Арқалық!
Арқалық қаласының құрылғанына – 62 жыл. Қала күніне әзірленген мерекелік іс-шаралар шеруі орталық «Наурыз» алаңында «Өлкесі тарих, даласы дастан Арқалық!» атты мерекелік концертке ұласты.
Мереке құрметіне киіз үйлер тігіліп, сауда-саттық жәрмеңкесі, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қала және ауыл көркемөнерпаздары дала сахнасын думанға бөлеп, өрісті өнердің көрігін қыздырды.
Ән мен күй әуелеген салтанатты шарада қала әкімі Эльдар Күзенбаев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар еңбек майталманын қаланың өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Сондай-ақ, «Тың-2018» облыстық спартакиадасында жоғары жетістіктерге жеткен спортшыларға «Алғыс хат» табыстады.
Қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылған қызықты мәдени-көпшілік шаралардың бірі – есімі елге танылған жас өнер жұлдызы Серік Ибрагимов арнайы келіп ән шырқады.
Бірнеше күн қатарынан қаланың мәдени ошақтарын, спорт кешендерін дүбірлеткен ауқымды шаралар жастардың көңілді би кеші және қала аспанын сан алуан сәулемен айшықтаған отшашумен түйінделді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор