Ауқымды жобалар көп
Өңірімізге жұмыс сапарымен ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келді. Министр алдымен биыл ақпан айында толық іске кіріскен «Ыбырай» жел электр станциясында болды. Жерден жоғары қарай қанатының ұшар басына дейін 170 метрге жететін қондырғының 16-сы орнатылған. Сағатына 50 МВт электр қуатын беретін жобаның құны 26,3 млрд теңге. Тапсырыс беруші – «Жел Электрик» ЖШС, инвестор – MISTRAL ENERGYPTE., LTD, басты мердігер – UE POWER ENGINEERING (QAZAQSTAN) ЖШС. Жел электр құрылғының әрқайсысы сағатына 3,2 МВт қуат өндіреді. «Ыбырай» станциясынан алынған электр қуаты KEGOK энергия станциясына беріледі. Ал ұлттық оператор оны таратады. Қарапайым тілмен айтқанда, Қостанай қаласы жазда сағатына 60 МВт, қыста 90 МВт, облысымыздағы аудандар орташа есеппен 15 МВт энергия тұтынады екен. Ал «Ыбырай» жел электр станциясынан алынатын қуат көзі 3 ауданға жарық бере алады деген сөз.
– Құрылыс жұмыстары кезінде 200-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Қазір тұрақты түрде 16 адам еңбек етеді. Станция кеңсесінің ішінде жел қондырғыларының жұмыс істеуі монитордан бақыланып отырады. Сол кеңсе ішінде вахталық жұмыспен келетіндерге арналған бөлмелер, ас үй қарастырылған, – деді станция басқарушысы Алмат Исенбаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік органдардың басшылары өңірлерге ұдайы шығып, халықпен кездесулер өткізіп тұрсын деген пәрмен берілген болатын. Осы жарлықтың негізінде министр «АгромашХолдинг KZ» АҚ локализациялық орталығын аралап, соңынан аймақ тұрғындарымен кездесу өткізді. Ал аудан-қалалар жұртшылығының жиынға онлайн қосылғанын айта кетейік.
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 4% құрады. Ел экономикасының сапалы дамуы үшін біздің Министрлік бірқатар тиісті шараларды қабылдауда. Мәселен, бүгінгі таңда өндірісті ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз өнімдерін сату кезінде жаңа бизнес кәсіпорындары үшін қосымша құн салығын 70%-ға төмендету. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес субъектілері үшін жаңа негізгі қорларға инвестицияланған жағдайда корпоративтік табыс салығы пайдасынан босату. Министрлік әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын қабылдауда. Бұл мүлік салығының төмендетілген ставкасы және қызметкерлерді оқыту шығындарын екі есе шегеру, – деді Ұлттық экономика министрі.
Министрдің сөзінше, әкімшілендіру мен салық төлеуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданған. Атап айтқанда: мобильді қосымшаны қолдана отырып, жаңа арнайы салық режимін енгізу; шетел валютасын теңгеге айырбастауды жүзеге асырған бизнес субъектілері үшін қосымша құн салығын қайтару шегін валюталық түсімнен кемінде 50%-ға дейін 70-80%-ға дейін ұлғайту; ең төмен жалақы мөлшерін есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды болдырмау және оны айлық есептік көрсеткішке аудару.
– Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуды жан-жақты және тікелей қолдауға қатысты Министрлік қабылдайтын шаралар бойынша жеке тоқталғым келеді. Ол үшін Министрлік 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруда. Осылайша, кәсіпкердің несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау 6% жылдық мөлшерлемемен қарастырылған, онда несие сомасы 3 млрд.теңгеге дейін құрайды. Сондай-ақ, кредиттер бойынша кепілдік беру 360 млн теңгеге дейін, бұл ретте кепілдік мөлшері 85%–ды, ал 1 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша 50%-ды құрайды, – деді Ә.Қуантыров.
Жиын барысында тұрғындар үкімет өкіліне сауалдарын жолдап, жауабын алып отырды. Ал соңынан министр азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.