«JAS QOSTA» – ақпарат алаңы
Алтынсарин ауданындағы «Жайлау» демалыс базасында аймақаралық ақпараттық лагері өтті. «JAS QOSTA» деп аталатын шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қатысты. Ол 2018 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, өңірде жастар бастамасымен іске асып жатқан жобалар көбейген.
– «JAS QOSTA» ақпараттық алаңында біздің жастарға есімі елге белгілі спикерлер тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Бұл жас өскінге серпін берері сөзсіз. Жалпы осы жылы жастар саясатын іске асыру үшін бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Барлығы 67 ірі жоба жасалды. Келесі жылы бұл сома өседі. Биыл біздің облыстың жастары бірталай жетістікке жетіп, абыройымызды асырды. Әнші Әміре мен боксшы Василий Левит, шахматшы Динара Асаубаева мен опера шебері Сүндет Байғожин елімізді әлемдік ареналарда танытты, – деді Марат Жүндібаев.
Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынғаны белгілі. Марат Жүндібаев айтқандай, ендігі жылы облыс әкімі жастардың білім алуына 200 грант бөледі. Оның 100-і денсаулық сақтау саласына бағытталмақ. Себебі, өңірде дәрігерлер тапшылығы байқалды.
Тағы бір жаңалық, облыста бес жатақхана пайдалануға беріледі. Оның екеуі Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне тиесілі болса, қалған үшеуін колледждер салады. Айта кетейік, Қостанайдағы ЖОО-ларда 17 мың студент, колледж-лицейлерде 23 мың студент білім алады.
– Осы жылы облыстық жастар саясаты басқармасына студенттік кеңесті жандандыруды тапсырдық. Өйткені, маңызды бастамаларды қолға алғанда жастардың пікірі маңызды. Бұл идеяны облыс әкімі қолдап отыр, – дейді әкім орынбасары.
2019 жылдың көктем айында облыстық жастар саясаты басқармасы мен жастар ресурстық орталығы бір ғимратқа көшірілетіні айтылды. Олар жұмыстарын жаңадан салынып жатқан Ұлттық-мәдени орталықта жүргізбек. Ғимаратта 1000 орынға арналған концерт залы болады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев