Заңды бұздың ба, айыппұл төле!
Рудныйда жыл басынан бері тұрғындардан 70 миллион теңге айыппұл өндіріп алынған. Бұл туралы «Борышкер – 2018» жедел алдын алу шараларының тоғыз айлық қорытындысын шығарған қалалық ІІБ өкілдері мәлімдеді.
– Бұл бағытта учаскелік инспекторлар, жол-патрулдық полициясының ротасы, көші-қон қызметі мен әкімшілік практика тобының қызметкерлері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істеді. Олар алдымен борышкерлердің үйіне барып, айыппұлды белгілі бір уақыт аралығында төлеу керектігін жеке ескертеді. Егер бұдан нәтиже шықпаса, қарыз оның кірісінен, банк есепшоттарынан немесе зейнетақылық жинағынан өндіріледі, – дейді жергілік полиция қызметі басшысының орынбасары Серік Шойбасов.
Осылайша тәртіп сақшылары жалпы соммасы 60 миллион теңгеден асатын 4342 әкімшілік айыппұлды мемлекет қазынасына қайтарған. Бұл төлену керек айыппұлдың жалпы соммасының 71,5 пайызы.
Полицейлердің айтуынша, құқық бұзған тұрғындардың басым бөлігі –қоғамдық орындарда ішімдік пайдаланғандар. Көпшілігі бұл қадамға заңды біле тұра барған. Дегенмен кешірім ешкімге жоқ. Заңды бұздың ба, айыппұл төле!
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ