7-20-25: Жас отбасыларға жеңілдік
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елбасының биылғы Жолдауын халыққа түсіндіру және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалуымен танысу үшін Қостанайдағы бірнеше нысанды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері: Ирина Аронова, Асылбек Смағұлов, Василий Олейник, Сергей Симонов, Әлия Сапаровалар алдымен қаладағы «Юбилейный» шағынауданындағы құрылыс барысымен танысты. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Айдар Құсайыновтың сөзінше, қазіргі уақытта аталған шағынауданда 2172 пәтерлі 25 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 600 пәтер пайдалануға беріледі.
«Құрылыс жұмыстарында 380 адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта мұнда тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар: 280 орындық 2 балабақша, 1200 орындық мектеп, емхана, мұз сарайы, ұлттық мәдениет орталық, смарт-орталық және қонақүй салынады. Пәтерлердің дені «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде сатылады. Бүгінде 43 өтінім түсті. Оларға желтоқсан айының басында пәтер кілттері тапсырылады. Барлығы 400 отбасы «7-20-25» арқылы қоныс тойын тойлайды», – деді Айдар Құсайынов.
Депутаттар нысанды жоспарланған мерзімде салып бітіріп, уақытында тапсыру қажеттігін атап өтті. Құрылыс жұмыстарын кешеуілдетуге ешқандай негіз жоқтығын да айтты. Себебі, баспанаға мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеу маңызды жұмыс. Сондай-ақ пәтерлердің бағасына, бөлмелердің шаршы көлеміне, жылу маусымына дайындық жайына алаңдаушылық білдірді.
«Елбасының «7-20-25» бағдарламасының арқасында түрлі мамандық иелері өздерінің алғашқы үйлерін алып жатыр. Бұл үлкен қуаныш. Бүгіндері «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» Қазақстанда белсенді түрде іске асырылуда. Сондықтан Елбасы биылғы Жолдауында бес бастаманың маңызды рөлін атап өтті. Тұрғын үй бағдарламасының іске асуын жеделдету үшін нарықта тұрғын үйлерді көбейту қажет», – деді «Нұр Отан» партиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Халық қалаулылары «7-20-25» бағдарламасының Қостанай облысында енді ғана іске асырылып жатқанын айтты. Бұл бағдарлама бойынша әкімдіктерге бастапқы жарналарды жергілікті бюджет есебінен ішінара субсидиялау тетіктерін қарастыру тапсырылған-ды. Енді жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне алғашқы жарнаның жартысы қайтарып берілмек. Осы мәселені Н.Назарбаев биылғы Жолдауында аймақ басшыларының алдына қойды. Қолжетімді жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп, ең алдымен дәрігерлердің, мұғалімдердің, әлеуметтік және өзге саланың білікті мамандарына жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнасын ішінара субсидиялау мәселесін шегіне жеткізу жүктелді.
«Бүгін біз «Юбилейный» шағынауданындағы құрылыс барысымен таныстық. Президенттің тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау жөніндегі Жолдауда атаған тапсырмаларын іске асыру Қостанайда қарқынмен жүргізіліп отырғаны көрініп тұр. Облыста «7-20-25» бағдарламасына сұранысты арттыру үшін құрлыс компаниялардың санын көбейту де маңызды. Себебі, қазіргі таңда құрылысқа арналған қаржылық қолдаулар көп. Нарықта бәсеке артқан сайын пәтерді төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік туады», – деп атап өтті мәжілісмен Сергей Симанов.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй құрылысы бойынша бағдарламаны іске қосу 5 жылдың ішінде 650 мың отбасының немесе 2 миллион адамның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.