Радченко – Қостанай ауданының әкімі
Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетовтің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Виктор Радченко Қостанай ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Облыс әкімі аудан активімен өткен жиында бірқатар мәселелерді жіпке тізді. Әсіресе, құрылыс саласы, ауыл шаруашылығы бағытында атқарылар іс көп. Оны шешу үшін Виктор Радченконың коммуналдық шаруашылық саласындағы тәжірибесі қажет екендігін атап өтті.
Виктор Радченко 1967 жылы туған. М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлiк-экономикалық институтын өнеркәсiптiк кәсiпорындарды энергиямен жабдықтау, инженер- электрик мамандығы бойынша, Қарағанды экономикалық университетiн мемлекеттiк және жергiлiктi басқару мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 1991 жылы Арқалық қаласында «Торғайавиа» АҚ авиамеханик ретінде бастаған. 2001 жылдан Арқалық ЖЭО директоры, 2007 жылдан Арқалық қаласының коммуналдық мәселелер бойынша орынбасары лауазымын атқарды. 2009-2014 жылдар аралығында Қостанай облысының Лисаковск қаласының әкiмi, Қостанай қаласы әкiмiнiң орынбасары және «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры қызметтерінде болды. 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап, жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарды.