АӘК жаңа форматы

Қостанай облысына екі күндік жұмыс сапарымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев келді. Елордалық мейман Халықты жұмыспен қамту орталықтарына барып, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетудің жаңа ережелерін түсіндірді.IMG_3615
Нариман Мұқышев өңірдегі бағдарламасын Тобыл қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығынан бастады. Сала мамандары вице-министрді АӘК тағайындауға өтініштерді қабылдау барысымен таныстырды. Вице-министр Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерімен сөйлесіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа қағидаларын сапалы түсіндіру қажеттілігіне назар аударды.IMG_3691
– Сіздер консультация беру кезінде азаматтарға ақпаратты дұрыс жеткізулеріңіз керек. АӘК – жалақы емес. Мұны азаматтардың ай сайынғы еңбек табысы ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекеттің қолдауы. Осыны естен шығармаңыздар, – деді Нариман Мұқышев.
Вице-министр баса айтқан мәселе – отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ұсынылған белсенді шараларынан бас тартса, онда оның отбасы АӘК алу құқығынан айырылады. Тиісінше, мемлекет жұмыс істеймін деген жандарға жан-жақты көмек көрсетеді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары оларға бос жұмыс орындарын ұсынады.
Нариман Мұқышев Алтынсарин ауданына барып, сапар мақсатын жалғастырды. Ол аудандағы жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне жақсы бағасын берді. Сонымен қатар, АӘК-тің кей тетігін түсіндірді.IMG_3711
– Табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оған балалардың саны, бір немесе төрт бала болуы маңызды емес. АӘК көрсетудің негізгі тетігі – жан басына шаққандағы табыстың өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен болуы.  Егер отбасы өздеріне АӘК қажет деп санаса, онда қаңтарда әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттар тапсыра алады. АӘК алатын барлық отбасылардың балаларына мемлекет кепілдік берген әлеуметтік топтама ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық құралдар кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады, – деді Мұқышев.IMG_3737
2020 жыл басынан елде 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай төлемді осы жылы қаңтарда 367 мың отбасы алды, оларға 17 млрд теңгеден астам қаржы төленген.
Нариман Мұқышевтің облыстағы бірінші жұмыс күні Қостанай қаласында түйінделді. Ол Қостанай қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығында болып, АӘК төлену барысымен танысты.
– Қазір бізге қала бойынша 1594 өтінім түсті. 1035 кеңес берліп, 559 өтінім қабылданды. Соның 59-на АӘК төленді. Бір айта кетерлігі, былтыр қиын жағдайға тап болған 1900 отбасымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Себебі, бірнеше жұмысты бірден аяқтауға уақыт жетпей жатыр. Аталған отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері жұмыстан бас тартады», –деді Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Лаура Исабаева.
Алайда, бұл сұраққа қатысты вице-министрдің өз уәжі бар. Ол қалалық жұмыспен қамту бөлімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген бағасын берді.
– Сіздерде былтырдан бастап уақыт болды. Қостанай Шымкент сияқты миллион тұрғыны бар қала емес қой. Қағаздарыңыз да ретке келмеген. Менің келуімді күттіңіздер ме? АӘК қағазын толтыруда қарапайым ережелерді сақтамағансыздар! Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жақсы, бірақ, өздеріңіз тиісті талаптарды сақтап жұмыс істемей отырсыздар. Бұл мәселені тез арада ретке келтіру қажет, – деп түсіндірді Нариман Мұқышев.IMG_3763
Вице-министр Қостанай облысының қалалары мен аудандарының әкімдіктерімен жаңа форматтағы АӘК тағайындау мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓