Жыл жетістіктері
Қостанай қаласының әкімдігі 9 айдың көрсеткіштерін жария етті
Жылдың тоғыз айы да өтті. Қостанай қаласында әлеуметтік-экономикалық бағытта қандай шаруалар атқарылды, алдағы күндердің міндеттері қандай? Қала активінің жиынында осы мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов 2018 жылдың 9 айындағы басты көрсеткіштерді атап көрсетті. Бүгінде тауарлар мен қызметке бағалар бойынша инфляция 103%-ды құрады. Ал жұмыссыздық деңгейі – 0,6 %. Қостанай қаласының басты өндіріс көзі – автомобиль құрастыру. Биыл 8 мың автокөлік шығарылды. Алдағы жылдары 25 мың дана көлік шығару жоспарда бар.
Қостанай қаласы облыстың өндіріс саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 34%-ға жетіп отыр. Жеке сауданың үлесі – 62 %. Жалпы Қостанай қаласы 214,4 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 106,4% артық. Негізгі капиталға 45,2 млрд теңге инвестициялар түскен. Бұл ретте тұрғын үй секьоры, шағын және орта бизнес, коммуналдық шаруашылық салаларында өсім байқалады, – деді Базыл Шамұханұлы.
Қостанай қаласында тұрғын үй салу жұмыстары едәуір өскен. Қазіргі күні аталған көрсеткіш 68,7%-ға тең. 2017 жылы Қостанайда тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 5,5 млрд теңге қаражат толығымен игерілді.
Негізі, өңірде Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысын жылына 10%-ға, ал несиелік тұрғын үй құрылысын екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Мұндай деректі Жолдауды талқылау бойынша актив отырысы барысында құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков мәлім етті.
«7-20-25» іске асыру шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге 392 млн теңгеге 49 өтінім түсті, оның ішінде 299 млн теңге сомасына 39 өтінім мақұлданды. Осы тұрғын үй бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы әкімдерге жергілікті бюджеттен жеңілдікті ипотека бойынша бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау мәселесін зерттеуді тапсырған еді.
– Қазіргі таңда Астана мен Шымкентте пилоттық режімде 2 жоба – бюджет саласының қызметкерлері үшін «Қамқор баспана» және жас отбасылар үшін «Жас арман» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың басты артықшылығы – баспана құнының 20% төлеген кезде, 10%-ын жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді. Осы тәжірибені зерттеп, оны облыс аумағына енгізуіміз қажет», – деп хабарлады Н.Қатарбеков. «2018 жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында облыста 290,9 мың шаршы метр баспана салынған. Бұл өткен жылғыдан 10% жоғары. Біз жыл сайын тұрғын үй құрылысын 3500 пәтерден 4500 пәтерге дейін 10% өсіруді жоспарлап отырмыз, – деді Нұрлан Қатарбеков.
Қазіргі таңда облыста Қостанай қаласында тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. «Солтүстік-Батыс», «Алтын-Арман», «Жаңақала», «Аэропорт», «Юбилейный» шағын аудандарының аумағында жаңа үйлер салынып жатыр. «Юбилейный» шағын ауданындағы 9 үй бой көтереді. Оның ішіндегі 4 үй жеке инвесторлардың қаржысымен салынуда. Келесі жылы қалған 11 үйдің қабырғасы қаланбақ.
Биыл «Smart city» жобасы аясында Қостанайдағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың ғимараттарына QR-кодтар орнатылды. Тұрғындар аталған кодтар арқылы нысанның тарихын, пошталық индексін біле алады. Сондай-ақ, әр үйге бекітілген учаскелік полицей мен дәрігердің есімдері жазылған. Бұл жобаның құны 18 млн теңгеге жуықтап отыр. Осы жылдың қыркүйек айына дейін қаладағы 1100 көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарға арнайы кодтарды енгізілді. Бұған қоса қаланың «Ақылды картасы» жасалады. Мұнда көшелердің тізбегі, коммуникациялар мен ғимараттар көрсетіліп тұрады. «Ақылды карта» алдағы екі жыл ішінде толықтай жасалынып, пайдалануға беріледі.
Қала басшысы жаңа тұрғын үй массивтерінде жоба бойынша көгалдандыру, жол салу қарастырылғанын, тұрғын үй сапасына қатысты құрылысшыларға талап күшейіп отырғанын мәлімдеді.
Қостанай қаласындағы өткен жылы іргесі қалана бастаған Индустриялық аймақ инвесторларға қолайлы жағдай туғызатын, өміршең жобаларды жүзеге асыратын алаң болып отыр. Онда биыл жыл соңына дейін 4 жоба жүзеге асады. 400 гектар жерді алып жатқан аймақтың қазір қажетті инфрақұрылымын жасайтын құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Индустриялық аймақ алғашқы сатыда газбен, сумен, электр энергиясымен жабдықталады. Оның сыртында канализация, таза су сорғылары секілді құрылыс жұмыстары да қатар жүреді. Аймаққа тас жол және темір жол кіргізу жоспары да бар. Жыл аяғына дейін мұнда алдымен Минск трактор зауытының лицензиясымен «Беларусь» маркалы трактор құрастыратын өндірістің іргесі қалана бастайды. Инвестор – көрші Ресейдің Свердлов облысындағы «Композит Групп» холдингі. Ол индустриялық аймаққа әмбебап цехын орналастырады. Жергілікті бюджет қаржысына салынған өндіріс ғимараты инвесторға болашақта сатып алу құқымен жалға беріледі. Жобаның құны оның алғашқы сатысында 2,3 млрд теңге, жақын жылдары 15 млрд теңгеге дейін жетеді. Өндірісте 200 адам жұмыс орнын табады. Индустриялық аймаққа «Астық» элеваторлық құралдар зауыты өзінің құрылыс материалдары және металл құрылғылары цехын салады. Құны 1 млрд теңге болатын цех 20 шақты адамға жұмыс береді. Биыл іске асатын төртінші жоба бойынша қытайлық компания (YTO Group Corporation) YTO маркалы трактор құрастыратын өндірісті іске қосады. Жобаға қытайлықтар 1 млрд АҚШ долларын құяды.
Қостанайдағы пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативі (ПИТК) «е-Қостанай» жүйесіне қосылады. Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікәрімов Қостанайдағы ПИТК жаңа жүйеге көшетінін айтты.
– Қостанайда «Ақылды бағдаршам», «Ақылды транспорт» және SmartKostanay сынды мобильді қосымшалар іске қосылған. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің қабырғаларына QR-кодтар орнатылды. Бұл әр ғимараттың тарихы туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта цифрландыру бағдарламасы бойынша «е-ПИК», «Ақылды аудан» жобалары жасалып жатыр, – деді Еркебұлан Әбдікәрімов.
Бүгінге дейін Қостанайдағы 30 ПИТК «е-ПИК» жүйесіне қосылды. Жыл аяғына дейін барлық ПИТК жаңа жүйеде жұмыс істейтін болады.
– Бұл жүйе ПИТК жұмысының шынайылығын көрсетеді. Жұмыс көлемі, сапасы туралы мәліметтерді қарауға болады. Жыл соңына дейін 56 ПИТК қосылады, – деді басқармасы басшысы.
Қалада «Бизнестің жол картасы 2020» кәсіпкерлік бағдарламасы аясында 10 ірі инвсетициялық жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 40 млрд теңге өнім шығарылады. Сондай-ақ, 450 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
2018 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, Қостанайда 24 мың шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Шағын кәсіпорындар 52 млрд теңге өнімін нарыққа шығарды. Жалпы, қалада 224 жаңа кәсіпорын тіркеліп, 215 штат ашылды.
Жыл басынан бері 6 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Барлығы 198 млн теңгеге 481 тонна өнім сатылды.
Қала әкімі атап көрсеткендей, Қостанай қаласының бюджетін игеру кезінде әлі де көптеген жұмыстар жүзеге асырылуы тиіс.
Жылы аялдама ашылды
Қостанайда бірінші рет қыс мезгіліне бейімделген аялдама ашылды. Жаңа нысан «Kostanay Plaza» сауда, ойын-сауық орталығының маңында орналасқан. Басты ерекшелігі – аялдама іші жылытылады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, аялдама ішінде қыста +18 градус температура сақталады. Әзірге пилоттық режимде бір ғана аялдама іске қосылды.
– Бұл павильон бейнекамералармен жабдықталған. Нысан іші орталық диспетчерлік пункт арқылы бақыланып отырады. Аялдаманы екі пеш жылтады, – деді қалалық ТКШ бөлмінің басшысы Алексей Тарасов.
Аялдама автоматты түрде таңғы сағат 6:30-да ашылып, түнгі 23:15-те жабылады. Алексей Тарасов айтқандай, жоба құны – 4,5 млн теңге. Қаржыны облыс орталығындағы шаруа қожалығы бөлген.
«Қостанай және қостанайлықтар» айдарын Қасқырбай Қойшыманов жүргізеді
Gmail: koishymanovkt@gmail.com
Суреттер газет мұрғатынан және қала әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды