Жаңқалы нан
Қостанай тұрғыны дүкеннен сатып алған нанның ішінен ағаш жаңқасын тауып алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Светлана есімді қала тұрғыны батон нанды 5-шағын аудандағы дүкендердің бірінен сатып алған. Ол полиэтиленді қабықшаға ораулы болған. Кешкілік отбасы ол нанның жартысын жеген. Ал таңертеңгілік қалғанымен бутерброд істегісі келген отбасы мүшесі тілім ішінен ағаш жаңқасын тауып алады.
"Оны жеп үлгермедік, абырой болғанда. Ол айтарлықтай үлкен, көзге көрімді еді. Шамамен, бес сантиметрдей. Алаңдатқаны, оны үйдегі кішкентай бала жұтып қоюы мүмкін бе еді", – дейді Светлана.
Әйел бұл нанды кім өндіргенін білмейді. Сөзінше, нан сыртында заттаңба болмаған. Ол қызынан жаңқалы нанның суретін әлеуметтік желіге салуды өтініп, оқырмандарға абай болуды ескерткісі келген.