Дабылдағыш құрылғылар орнатылуда
Қостанайда өрт пен көмірқышқыл газының шығуын анықтау құралдары орнатылып жатыр, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Облыстық ТЖД бөлім бастығы Әбіл Оразовтың айтуынша, қазір осындай 200 дабыл белгісі қойылды. Оның 60-ы – Қостанай қаласында. Департамент қызметкерлері жүргізген рейд шаралары барысында тұрғындардың жылыту пештеріне салғырт қарайтындығы байқалды. Атап айтқанда, жеке үйлердің ішіндегі электр сымдары жаңармаған. Сонымен қатар, пештің алдында қаңылтыр қалақшалары болуы керек.
«Үй-жайларды жылыту үшін электр жылыту құралдары пайдаланылады. Соның ішінде қолдан жасалған пештер үнемі қауіпсіз емес. Сымдардың оқшауламасы тұтануы әбден мүмкін. Сондықтан электр жылытқышты пайдалану кезінде барынша сақ болу керек. Арнайы зауыттардан шыққан пештерді қолдану ұсынылады. Үйден шығар кезде оларды сөндіріп отырған дұрыс», – деп ескертеді мамандар.