Көпбалалы отбасыға көмек керек
Қостанайда көпбалалы отбасы Затоболдағы “Мелиоратор” саяжайында тұрып жатыр. Бұл отбасының балаларының алды 15 те, арты бір жасқа енді ғана толады. Жеті баласының біреуі мүгедек. Қуықтай ғана екі бөлмелі саяжайды шарасыздықтан пана тұтқан отбасының бір баспана үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Көпбалалы ана Жанна Қосқұлова әсіресе қыс пен көктем мезгілдерінде балаларды сабаққа апарудың бір ақирет екендігін айтады. Себебі, бұл жерден не көлік, не автобус жүрмейді. Сондықтан даярлық тобында және бірінші сыныпта оқитын балаларын Затоболдағы мектепке апару үшін жүйке аурулары ауруханасының жанындағы аялдамаға дейін жүруіне тура келеді. Ең жақын деген осы аялдаманың өзіне жарты сағат жүріп барады екен. Қалада колледжде оқитын қыздары мен осы екі баласы үшін алаңдаған көпбалалы ана жергілікті биліктен бір баспана берілсе екен деп тілейді.
-Баспана мәселесімен бармаған жерім жоқ. Қостанай қаласы әкімінің орынбасарына да, Затобол ауылының әкіміне де, аудан орталығындағы “Нұр Отан” партиясына да бардым. Бәрінің айтатыны кезек күтіңдер дейді. Ол кезек келгенше, менің балаларым да ержетеді ғой. Маған пәтер қазір керек, мектепке баратын балаларым үшін алаңдаймын. Олар Затоболдағы Наушабаев мектебінде оқиды. Осы саяжайдан психдиспансерге дейін оларды сорлатып жарты сағаттай жаяу алып барамын. Сол жерден №104-ші автобусқа мініп, 5-ші дүкенге дейін барамыз. Одан қайтадан 102-ші автобусқа мінеміз. Түске таман балаларды алып кету үшін, тағы барамын. Осылай күніне 4 рет қатынаймын. Автобустан автобусқа секірген сайын, жолақы да қоймайды ақшаны. Оның үстіне жолақы тағы да қымбаттайын деп жатыр деп естідік, ең болмаса біз сияқты аналарға бір жеңілдік болса ғой, – дейді Ж.Қосқұлова.
Жаннаның айтуынша, бұл жерге жедел-жәрдем де келмейді. Былтыр талма ауруына ұшыраған мүгедек баласы ауырып қалғанда жедел-жәрдем 3 сағаттың ішінде әрең дегенде келген көрінеді. Содан бері көпбалалы ана “балаларым ауырып қалмаса екен” деп шыбын-жанын шүберекке түйіп отырғанын да жасырмайды. Өзі анда-мында, әйтеуір қай жерде жұмыс бар, соған жалданып жұмыс істейді. Кейде өлім-жітім, той-домалақтарда жалданып ыдыс-аяқ жуады. Балаларға және мүгедек баласына алатын жәрдемақы тамағы мен науқас баланың дәрі-дәрмегінен де артылмайды.
-Мүгедек балама осыдан бір жыл бұрын ғана тегін дәрі-дәрмек алған едім. Қазір өзім сатып аламын. Тегін дәрі дегенді ұмыттық. Дәрігерлер дәрі-дәрмек жазып береді, ал дәріханаға барып сұрасам, тегін дәрі жоқ дейді. Сосын амал жоқ, ақша болса болды, болмаса қарызданып-қауғаланып сатып аламыз. Қазір бұл баламызды үй-жайдың жоқтығынан ауылдағы әке-шешем бағып отыр. Аураханаға жатқызар кезде, не болмаса дәрігерлік тексерістен өтер кезде осында алып келемін. Тұрып жатқан жеріміздің түрі мынау, аядай ғана жерде мүгедек баланы жуындырып-шайындырудың өзі бір мұң. Өзім мекен-жай анықтамасының болмауынан үйдің кезегіне де кеш тұрдым. Шенеуніктер жер алып үй сал дейді, тапқан-таянғанымыз тамағымыздан артылмай отырғанда үйді немен саламыз? Қаражат болса, осы саяжайдың орнына-ақ салып алар едік-ау. Туғандардан да көмек сұрай алмайсың, әркімнің өзінің өмірі бар. Жолдасымның әке-шешесі қайтыс болған, өз ата-анама алақан жайғым келмейді, олар онсызда менің мүгедек баламды бағып отыр. Қостанай аудандық әкімдігіне рахмет, аз да болса отын-суымызды түсіріп берді. Енді тегін дәрі-дәрмекке де көмектесеміз деп отыр. Олар бір ауылдан үй мен жұмыс ұсынды. Шара қожалығының малын бағамыз, олар бізді тегін үймен қамтамасыз етеді. Біз бұдан бас тарттық. Күні ертең біреудің малын өлтіріп алып жатсақ, басымызға пәле болады деп қорықтық. Жатақхана ұсынды, оған жеті баламен қалай сиямыз? Мен жергілікті биліктен баспанадан басқа ештеңе сұрап жатқаным жоқ. Ең болмағанда қалаға жақын маңдағы ауылдардан бір үй алуға жәрдем берсе екен деймін, – дейді Жанна Қосқұлова.
Отағасы Сәкен де жұмыссыз, анда-санда базар жағалап, қара жұмыстарға жалданып ақша табады. Бірақ, оның күнделікті тапқан 3-4 мың теңгесі жолқасынан да артылмайды. Жаннаның айтуынша, отағасының былай қыңыр мінезі болмаса, арақ ішпейді, темекі тартпайды. Көп балалы ананың төрт баласы бірінші некеден, ал үш бала осы Сәкеннен көрінеді. Бірақ, олар заңды некеде емес.
-Мен бірінші жолдасыммен де заңды некеге тұрған жоқпын. Себебі, кезінде ол кісі төлқұжатын жоғалтып алды да, некеге тұру мәселесі кейінге қалып қойды. Жеті баламның да тегі өзіме жазылған. Қазіргі күйеуім біз қосылғанда-ақ менің алғашқы некеден туған балаларыма тегін бермейтінін ашып айтқан болатын. Балаларымның тегі әртүрлі болса, құжат дайындағанда маған да қиынға соғатын болған соң, өзінің келісімімен менің тегіме жаздырған едім. Балаларым әкелерінің тегіне өскенде өздері-ақ жазылар, – дейді Жанна.
Отағасыдан сұрағанымызда, ол бұған еш намыстанбайтынын айтты. Жұмыссыз отырғанына да ол біреуді кінәлайтын сияқты. “Жыламаған балаға емшек жоқ” демекші, “жұмыс жоқ” деп қол қусырып, жылы пештің жанында отыра берсе, оған кім жұмыс береді?
-Бұған дейін біз қалада бір жер үйді тұрақты жалға алып тұрған едік. Жеті баламен бізге көбісі үйлерін жалға бергілері келмейді. Кейін үй иесі пәтердің құнын 30 мыңға көтерді. Мен жұмысымнан қысқартуға ұшыраған соң ай сайынғы пәтерақыны төлеу де қиындап кетті. Содан аздап несие алып, анадан-мынадан әупірімдеп ақша жинап, 300 мың теңгеге осы саяжайды сатып алдық. Қазір үйдемін, тұрақты жұмысым жоқ. Вагондардан жүк түсіруге барамын, оның өзінде өздері хабарласса ғана. Жұмыс іздеп, бармаған жерім жоқ. Жұрттар “неге жол жөндейтін мекемелерге қара жұмысшы болып бармайсың” деп ақыл айтады. Оларға да бардым, алған жоқ, – дейді екі қолға бір күрек таба алмай жүрген отағасы Сәкен Базылбеков.
Тіпті, бұл отбасыны көп балалы болғаны үшін жазғыратындар да бар екен. Бірақ, көпбалалы ана “балаларыңды тапсыр” деп жазғырғандардың сөзін аяқ-асты қалдырмайтындығын да айтады.
-Мені “баланы неге таба бересің”, “Тапсаң өзің үшін таптың” деп кінәлайтындар да жоқ емес. Жақында бір орыс тілді басылымның тілшісі келген еді, газетке жазамын деп. Менің ашуыма тигені, өзге ұлт болса бір сәрі, ұлты қазақ тілшінің орысша сөйлей алмайтындығымды бетіме басқаны аздай, көп бала туғаным үшін өзімді жазғырғаны еді. “Асырай алмасаң, тапсыр” деп өзіме қоқан-лоқы көрсетіп жүр. Осылай болама екен, Алланың берген балалары, мен ашпын деп ешкімнен қайыр сұрап отырған жоқпын. Бізді қиналтатыны тек баспаана мәселесі ғана. Енді мені кемсітулерін қоймаса, облыс әкіміне, болмаса жоғары жақтағыларға шағымданатын түрім бар. Балаларымды тартып алатындай біз не маскүнембіз бе? Кескін-келбетіне қарап, баға беретіндей, мен балаларымды сықитып киіндіріп қоятындай жағдайда емеспін. Тек, аш болмай, білім алып, үлкен азамат болып өссе екен деймін. Ал, үстеріндегі киім-кешектеріне қарап, саяжайда тұрып жатқанымызды бетіме басып, балаларымды тартып аламын деушілерге мен де қарап отырмаспын. Өлсем де тапсырмаймын мен оларды, – дейді көз жасы көл болған Жанна Қосқұлова.
P.S. Көпбалалы отбасыға бір баспана тауып бере алмай отырған жергілікті шенеуніктерге де хабарластық. Айтуларынша, Қостанай аудандық әкімдігі бұл отбасының жағдайынан хабардар екен. Қолдарынан келгенше жәрдемдесіп жатқан көрінеді. Тіпті, ауылдан үй мен жұмыс та, Затоболдан жатақханада ұсыныпты. Бірақ көпбалалы отбасы бұл ұсыныстардан бас тартқан. Қысқасы, көпбалалы отбасы пәтерге кезегі келгенде ғана қол жеткізе алады. Сондықтан бұл отбасының ендігі бар үміті тек жомарт жандарда. Біз де “әрқайсымызда сабақ қарайтын өз столымыз, өз бөлмеміз болса екен” деп армандайтын бұл бүлдіршіндердің арманын орындайтын бір жомарт жандар табылар деген үміттеміз. Елбасымыз да өз Жолдауында отандық бизнесті дөңгеленткендердің мемлекетке пайдасын тигізер кезі келгендігін атап көрсеткен еді. “Көп түкірсе көл” деген, сол себепті біздің қостанайлық кәсіпкерлер де Елбасының осы ойын қолдап, көпбалалы отбасыға пәтер алып, не болмаса үй салып берер деген сенімдеміз. Үмітсіз шайтан ғана!
Қарлығаш ОСПАНОВА