БАСҚА «ПӘЛЕ» – ТІЛДЕН немесе қауесеттен қаулаған ақпарат
Ресейдің Магнитогор қаласының билігі Қостанай облысынан әкелінетін мал етінен қауіптеніп отыр-мыс. Топшылауларынша, Тобыл топырағының өнімінде жұқпалы «сібір жарасы» кеселі болуы мүмкін. Бұл туралы ақпаратты аталған қала әкімшілігінің ресми сайты таратқан. Бұның қаншалықты шындыққа жанасатын мәлімет екеніне зер салып көрдік.
«Магнитогорде, Қостанай облысының Жітіқара ауданынан әкелінген ірі қара еті жұқпалы сібір кеселінің тарауына себепші болуы мүмкін деген қауіппен, санитарлық бақылау күшейтілген. Өйткені Жітіқара тұрғыны жергілікті етті тұтынып, осынау жұқпалы аурудың салдарынан көз жұмған»,-делінеді көрші ел таратқан ақпаратта.
Алайда, олар алға тартып отырған қайғылы оқиға – қауесет қана. Өйткені мұндай деректер қостанайлық БАҚ-да бұрын-соңды жарық көрмеген. Тек өткен жылы «сібір кеселінен көз жұмған адам» туралы ұзын құлақтың өсегі жітіқаралықтардың арасында жайылған көрінеді. Кейінірек жітіқаралық Анастасия есімді ғаламтор тұтынушысы 2015 жылдың 10-желтоқсанында Қостанай облысының мемлекеттік органдары басшыларының блог-платформасына сауал жолдапты:
«Сәлеметсіздер ме!!! Жітіқарада жұқпалы «сібір жарасы» кеселі пайда болғаны туралы ақпарат тарап отыр. Ауруды жұқтырған ер адам әуелі жергілікті ауруханада жатып, кейін Қостанайға ауыстырылған. Сол жерде көз жұмыпты. Қазіргі уақытта марқұмның қарындасы да ауруханада жатыр дейді жұрт. Айтыңыздаршы, бұл қаншалықты шын? Қанша дегенмен, бұл эпидемия аса қорқынышты ғой! Рахмет»,-делініпті электронды хатта.
Келесі күні-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Орал Бекмағамбетов сұраққа жауап қайтарған.
«ҚР аумағында сібір жарасының 2 мыңға жуық ошағы орналасқан. Жалпы, осыған ұқсас аурулар белгі беруі мүмкін жағдайларда дәрігерлер жаппай дифференциалды диагностика жүргізеді. Дәрігерлер қатерлі аурулардың, соның ішінде «сібір жарасының» «ояну» ықтималдылығын алдын ала біліп, тұрғындардың санитарлық-эпидемиялогиялық қамсыздығы үшін барлық шараны қабылдауға міндетті. Ал, мұндай міндет жоспарлы, тұрақты түрде орындалып отырады. Сөз жоқ, Қостанайда ірі қара мал жайылымдары көп, халықтың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Ал енді, қалай да олай, қауіпті инфекциялық ауруды «белгілі болған сәтте», клиникалық зертханалық тексерістің алғашқы мәліметіне сүйеніп, бірден анықтап-растау қиын. Лезде ауыздықтау да екі бастан мүмкін емес. Сол себепті соңғы диагнозды шығару үшін бірнеше қызмет тізе біріктіруі керек. Дәл қазіргі жағдайда «сібір кеселі» расталған жоқ»,- деп жауап қайтарған шенеунік.
Ал, әлгі марқұмның аты жаман дерттен көз жұмғаны қаншалықты рас? Бұл қайғылы оқиғаға мал етінің қатысы бар ма? Қостанайлықтардан бұрын Ресейліктердің құлағы шалған әңгіме дұрыс па, бұрыс па? Мәселенің мәнісін анықтай түсу мақсатында Жітіқара ауданымен байланысқа шықтық. Аудан әкімдігінің жөн сілтеуі бойынша, ветеринарлық бөлімнің нөмірін тердік. Бөлімнің бас маманы Серікбаевтың айтуынша, марқұм қайтыс болысымен мұндай сөздің шыққаны жасырын емес, бірақ бәрі – еш дәлелсіз әңгіме.
«Бізге мәйітханалық хаттама жолданды. Онда ешқандай «сібір жарасы» жоқтығы жазылады. Марқұмның өліміне сепсис ауруы себепші болған. Қолына жара шығып, уақытылы емделмей, әбден асқындырып алған. Ал енді бұл қазаны етпен байланыстырудың мәнісі мынада: ол төсек тартып құлардан күн бұрын сол үйде соғым сойылған. Кейін оны әлдекім мал етінен уланды деп шығарса керек. Енді оның елдің өсек-аяны екені айқындалып отыр. Егер хабарласып келсеңіздер, марқұмның артында қалған жұбайы да бәрін айтып береді»,- дейді ветеринария бөлімінің бас маманы.
Шынымен де, «сепсис» атты ауру қанның шіріп, улануы. Нақтылағанда, қабынған жараның микроорганизмдерінің қанға сіңуі. Медицина тіліндегі бұл сөздің тура тәржімасы – іріңді қан. Демек, бұның «сібір жарасына» еш қатысы жоқ. Хаттамада көрсетілгендей, марқұм өз денсаулығына жүрдім-бардым қарап, дәрті бойын әбден меңдеп алған кезде ғана дәрігерлер алдына жеткізілген. Ал «қарындасы да ауруханада жатыр екен» дегендері алыпқашпа әңгіме, жел сөз болып шықты…
Осылайша, ресейліктер таратқан ақпаратта ағаттық я салғырттық бар деуге келеді. Ал, сол Магнитогордың азаматтық қорғау басқармасының О.Жестовский атты басшысы «атойға айғай қосқанға» ұқсайды. Ол: «Қазақстан Республикасынан ветеринарлық ілеспе құжаттарынсыз әкелініп, ерікті нарықта саудаланатын мал еті магнитогорлықтарға үлкен қауіп төндіреді»,-депті. Мұнысын сол елдің баспасөзінің өзі де қандай деректерге сүйеніп айтқаны анық емес депті. Дұрыс. Не созары бар: бәрі де – қауесет арқылы қаулаған жансыз мәліметтер.
Жандос Жүсіпбек
Шығармайтындары да жоқ. Алдымен билип алмай ма? шу котерми