Келіңіз, кеңес алыңыз
Облыс орталығындағы "Kostanay plaza" сауда үйінде кезекті "Мемлекеттік қызмет" жәрмеңкесі өтті. Ұйымдастырушылар мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы тұрғындарды ақпараттандыру деңгейін көтеруді көздеген.
Бұл шара халыққа білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, жер қатынастары, кәсіпкерлік, ТКШ, архитектура салалары бойынша қызмет көрсетудің ережелерімен етене танысуға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, тұрғындар "Сотты болғандығы немесе болмағандығы туралы", Жылжымайтын мүліккті тіркеу құқығы мен оның техникалық сипаттамасы туралы", "Жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқтығы туралы" анықтама, сондай-ақ цифрлық қолтаңба ала алады.
Шара барысында мемлекеттік органдардың қызметкерлері бейнероликтер көрсетіп, парақшалар, брошюралар таратып, көрімді жерлерге көрнекі ақпараттық баннерлер ілу арқылы мемлекеттік қызмет алу рәсімі жайында азаматтарды хабардар етті.
Бұл алаң қызмет көрсетуші органдардың қатысуымен келімді-кетімді тұрғындарға пайдалы кеңестер беруді белсенділікпен жүзеге асырды. Мұның сыртында, қызмет көрсету мерзімі, бизнес процесі, талап етілетін құжаттар, ақпараттық жүйе интеграциясы секілді жосықтарды жеңілдету жолдары өзара талқыға да салынды.