Бастама баспанадан басталды
Қазір қай жерде болсын, баспанаға мұқтаж жандардың қатары аз емес. Сондықтан, тұрғын үй құрылысын салуға басымдық беріліп отыр. Мәселен, Әулиекөл ауданында күні бүгін 300-дей адам үй кезегінде тұрған көрінеді. Әрине, олардың бәрін бір мезетте баспанамен қамтамасыз ету істе мүмкін емес. Дегенмен, жергілікті атқарушы билік қол қусырып, қарап отырған жоқ. Ауданға жаңа тағайындалған әкім келе сала түйткілді мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Соның бірі – халықты қолжетімді баспанамен қамту.
Үстіміздегі жылы аудан орталығында үш қабатты тұрғын үйдің құрылыс басталды. Замануи үлгіде бой көтеретін бұл нысанға «Ар-Раиан» құрылыс компаниясы тапсырыс берген. Ал, үйді «Қарасай» ЖШС салып жатыр.
-Осы үй аяқталған жанынан тағы бір 18 пәтерлі үй саламыз деп жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, аудан бойынша баспана кезегінде тұрғандардың санын сәлде болса қысқарта түспек ойымыз бар,-дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Дәулетжан Махмұтов.
Әлібек ЫБЫРАЙ