Әр ауылға жеке бюджет

 «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді мекендерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді».
 
Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
 
 
Жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы  өңір экономикасын ілгерілетуге септігін тигізеді. Соның нәтижесінде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қостанай облысында  тұрғындар саны 2 мың адамнан асатын 45 ауылдық округ бюджеттің дербес деңгейіне және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқаруға ауысты. Қазіргі уақытта аталған ауылдық округтер мен аудан орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Сондай-ақ, бюджетті және коммуналдық меншікті қалыптастыру туралы мәселелер әбден пысықталды.
– Бюджеттің 4-ші деңгейі жұмысының бірінші жылы аяқталып қалды. Сондықтан, осы кезеңде белгілі бір қорытындылар шығаруға болады. Бюджетті жоспарлау мен игеру, коммуналдық меншікті басқару бойынша оң үрдістерді атап өткен жөн. Дегенмен, барлық 45 ауылдың бюджеті субвенциялық тұрғыда қарастырылатынын ескерсек, олардың шығындары өз кірістерінен асып түседі, ал жетіспейтін қаражат аудандық бюджеттерден өтеледі. Жалпы субвенциялықтың орта проценті шамамен 45,4% құрайды, ал жеке ауылдар мен ауылдық округтер бойынша 89,2%-ға дейін жетеді. Аудандық бюджеттерге тәуелділіктің ең төменгі көрсеткіші Әулиекөл ауылы (0,6%), Жітіқара қаласы (1,3%), Қостанай ауданының Мичуринский ауылдық округі (13,5 %) және Затобол кентіне ( 19,3 %) тиесілі. Ал ең жоғары көрсеткіш Науырзым ауданының Қарамеңді ауылдық округі (89,2%) мен Қарасу ауданының Октябрьское ауылында (88,2%). 2020 жылдан бастап өңірдегі барлық 243 ауылдық округ дербес бюджетке ауысады. Сол себепті бірқатар кемшіліктерді қазірден дұрыстау қажет. Енді әр ауылмен жеке жұмыс істейтін боламыз, – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов.
2020 жылдан бастап ауыл аумағындағы барлық коммуналдық меншік ауданның коммуналдық меншігінің құрамына кіреді және оны аудан әкімдігі басқарады. Жергілікті өзін-өзі басқару мүлкі жергілікті қазына мүлкінен (жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің қаражаты, коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік) және коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен құралатын болады.
IMG_2288
Ауыл бюджетінің кірістері үш бөлімнен тұрады. Олар: салықтық түсімдер, қосымша түсімдер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. Салықтық түсімдер төлем көздеріне салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлігіне салынатын салық, жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы, елді мекендердің жерлеріне жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы жарнаманы орналастыру үшін төлемақы жатады.
Қосымша түсімдер тізбесі есебінде мемлекеттік мүлікті жалға беруден түсетін кірістер, жеке және заңды тұлғалардың ерікті алымдары, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін алынатын айыппұлдар, коммуналдық мүлікті сатудан түскен кірістер бар.
Үшіншісі – аудандық бюджеттен берілетін трансферттер.
Жалпы, ауыл мен кенттерді қаржыландыру аудандық бюджет құрамындағы 19 бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұрса, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі ретінде енгізілмек.
Ал жергілікті өзін өзі басқарудың бюд­жетін аудандық мәслихат бекітіп, оның атқарылуы  ауылдық округ әкімі мен оның аппаратына жүктеледі. Осылайша, заң жобасында жергілікті қоғамдастықтың мүдделерін ескере отырып, бюджет шығыстарын жоспарлауға мүмкіндік беретін тетіктер көзделген.
DSC_0646
Облыс көрсеткіштеріне қайта оралсақ, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Өткен 9 айдың қорытындысын есепке алсақ, 45 ауыл 932,5 млн теңге пайда түсірген. Бұл көрсеткіш негізгі жоспардағыдан 12,2 пайызға жоғары. Атап айтқанда, Қостанай ауданының Затобол кенті 164,9 млн теңге, Әулиекөл ауылы 38,4 млн теңге, Сарыкөл ауылы 36,3 млн теңге пайда тапты. Сонымен қатар Арқалық қаласындағы Родина ауылдық округінің пайда түсімі – 2,9 млн теңге ғана.
Ерлан Спанов айтқандай, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейту кадр саясатына да байланысты. Тиісінше, жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мәселесі де толығымен шешілмей келеді. Мәселен, 11 ауылдық округ аппаратында 18 бос орын бар. Әзірге 3 ауылдың әкімдеріне жыл аяғына дейін қажетті мамандарды тарту жұмыстары жүктелді.   
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓