ХҚКО жұмысын тексерді
«Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Мемлекеттік қызмет көрсету» аймақтық комиссиясының мүшелері Қостанай қаласындағы жаңа цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын аралап шықты. Комиссия мүшелерінің мақсаты мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін анықтау.
Цифрлық ХҚКО жұмысымен танысу барысында партиялықтарға аталмыш мекеменің жаңа қызметтері, ғимараттың мүгедектерге қызмет көрсетуге арнайы бейімделгені көрсетілді. Қызметкерлерді шақыртуға арналған батырма, мүгедектерге арналған пандус, екі жүк көтергіш, бірнеше санитарлық торап, мүгедектерге арналған жеңілдетілген қызмет көрсету терезесіне дейін талапқа сай жабдықталыпты.
-«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында азаматтарды мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға үйретуіміз қажет. Бұл үшін осындай орталықтарды барлық облыстарда ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бар. Ал Қостанай қаласы үш мегаполистен кейін цифрлық ХҚКО ашылған алғашқы облыс орталығы болып отыр. Аталмыш ХҚКО екі опперациялық залға бөлінген. Алғашқы залда бұрынғыдай қызмет көрсетілсе, екінші қабатында заманға сай электрондық қызметтер көрсетіледі, – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қостанай облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Азамат Имамбеков.
Бұл орталықта азаматтар өздеріне қажетті қызметтерді операторлардың көмегінсіз өздері ала алады. Сондай-ақ, ғимаратта оқыту залы бар. Онда жұмсақ зона, ал интерактивті тақтада электрондық үкіметтің цифрлық сауат ашуға арналған бейнероликтері көрсетіледі. Бұл жаңа ғимаратта Қостанай қаласының №1 ХҚКО өз жұмысын жалғастыруда.
Қымбат ДОСЖАНОВА