Жаралы жылдар жаңғырығы
1989 жылдың 15 ақпаны – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылған күн. «Мирас» мәдениет сарайында өткен ауған соғысы құрбандарын еске алуға арналған жиынға қаза тапқандардың ата-аналары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және интернационалист-жауынгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты. Қаза болған батырларымыздың рухына арналып бір минут үнсіздік жарияланды. Сексенінші жылдары Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шекара бекеті бастығы қызметін атқарған Марат Шүкібаев сөз сөйлеп, шараның патриоттық тұрғыдағы маңызына тоқталды.
– Жыл сайын ақпан айының ортасында ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Бүгінгі жастар өздеріндей жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұғып, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген ниетпен жиылып, сол бір сұрапыл ХХ ғасырдың 80-жылдарына қайта ораламыз. Ауған ардагерлерінің ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге, – деді Марат Қадырұлы.
«Альбатрос» жастар әскери-патриоттық клубының жетекшісі Сергей Лещенко, «Тайфун» әскери клубының басшысы Александр Козлов, кадеттерді дайындауда мол үлес қосқан Иван Черкасов және осы күні өмірге келген десант-жауынгер Владимир Изюмовтарға сыйлықтар табыс етілді.
Соғыс жылдары дәрігер болған Виктор Пимичев басынан өткерген қасіретті кезеңдерін еске алады:
– 1971 жылы Ауғанстанға оқу-жаттығу жиындарына жіберді. Жыл аяғында әскери госпитальға түстім, содан соң Қазақстанға қайта жеткізді. Ал 1988 жылы ауған жерінде жарты жылдан астам уақыт қана болдым. Кезекті емдеу шаралары барысында бомба ұшқындары тиіп, жараландым. Отыз екі тістен айырылдым. Жарықшақ тиген орындарда үлкен тыртықтар қалып қойды. Қазір зейнеткермін. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш.
Осы кеште ерлік жайындағы бірнеше әндер шырқалды. «Карнавал» би ансамблі мен «Қайсар» клубының өнерпаздары да хореграфиялық шеберліктерін байқатты. Жастығын жалын шарпыған жауынгерлердің ерліктерін паш ететін бейнероликті Мәдениет сарайына жиылған барша көрермен орындарынан тік тұрып көрді.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай