«Ғафуды оқы, таңырқа!»
Осындай атаумен қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтің 90 жылдығын еске алу мақсатында қалалық Мәдениет сарайының ұйымдастыруымен қаладағы жалпы білім беретін мекемелердің арасында мәнерлеп оқу сайысы өтті.
Аталмыш сайыстың негізгі мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, Ғафу Қайырбековтың шығармаларын насихаттау, қазақтың халық шығармашылық өнерін дамыту, жастардың поэзияға құштарлығын оятып, өлең сөзінің құдіретін жүрегімен түсіне білуге баулу және жас таланттардың жолын ашып, қолдау көрсету.
Ғафу – дара дарын, дегдар ойлы ақын. Қазақтың нағыз кең тынысты, тұла бойы өлең-жырға толы, өнегелі өмірінде халық үшін тынбай еңбек еткен ұлағатты жан. Өзіне берілген мемлекет міндеттерін де абыроймен атқарып, еңсесін биік ұстаған біртуар тұлға. Қазақстан Республикасы үшін көптеген қызмет атқарып, ел арманы мен халық тілегін өлеңнің арнасына сыйдырып кеткен асқақ рухты азамат. Оның ақындық даралығының сиректігі соншалықты, өз дәуірінің шеңберінен асып түседі десек артық емес.
"Тасқындап жырын төгетін,
Ел мен жерге беретін.
Күркіреп шығып толқындай,
Тас түйін шумақ өретін", – деп ақын ағамыз Бақыткерей Ысқақтың жырлауы осының дәлелі деп білеміз. Осы орайда Ғафу ағамызға арналған іс-шара екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңнің шарты «Ғафуды оқы, таңырқа» деп аталды. Бұл кезең бойынша қатысушы үміткерлер Ғафу Қайырбековтің шығармашылығын, асыл мұраларын тілге тиек ете отырып эссе жазса, «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» атты екінші кезеңде ақынның бір өлеңін жатқа, мәнерлеп оқу шарт болды.
Байқаудың талаптарына сәйкес, 15-25 жас аралығында 13 талапкер қатысты. Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахналық және оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.
Қазақ әдебиетінің құнды мұраларын ел арасында насихаттауды көздейтін бұл байқаудың қорытындысы бойынша І орынды Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 11-сынып оқушысы Қарлығаш Сапарбек, ІІ орынды А.Құнанбаев атындағы №6 жалпы білім беретін орта мектебінің 11 «А» сынып оқушысы Ақжол Молдахмет, ІІІ орынды Арқалық көпсалалы колледжінің студенті Сапабек Қабиден мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 10-сынып оқушысы Бибіғайша Тойлыбай иеленді. Қалған үміткерлерге байқауға қатысқаны үшін грамота табысталып, барлығына ақшалай ынталандыру сыйлығы берілді.
Зәмзәгүл Тапалова,
Қалалық мәдениет сарайының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі
Арқалық қаласы.