Ақынның айшықты кеші өтті
Арқалықтағы облыстық қазақ жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің 60 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеші болып өтті.
Кешті белгілі сатирик, ҚР мәдениет қайраткері Көпен Әмірбек жүргізіп, ақиық ақынның мерейін асырды. Айтыскер ақын Айбек Қалиев арнау айтып, ізбасарлары Құлманбетше айтыс жасады. Бауырлары Ақторта, Серікбай Әбіловтер де серпінді әндерімен сахнаның сәнін келтірді. Сан өнерді серік еткен сырбаз ақын төл туындыларын орындап, жерлестерін ән жырына бөледі.
Ақындық, сазгерлік, жыршылық өнерді жанына серік еткен айтулы азаматтың журналистика саласына да сіңірген еңбегі мол. Ол Торғай теледидарының алғашқы қазығын қағып, БАҚ саласындағы жаңа жүйенің қалыптасуына ықпал жасаған жан.
Мерейлі шақта қала әкімі Ғазиз Бекмұхамедов жылы лебізін білдіріп, ата – бабаларымыздың жол – жоралғысы бойынша айтыстың абызына айналған ағамыздың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Ақсақалдар ақ батасын берді.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
Арқалық жұрты ақынның мерейін асырған екен! Бұл енді жақсы үрдіс. Қонысбай ақын соған әбден лайық. Мұрат өте жақсы жазғансың.