Майталман маманмен сұхбат

Білім беру саласында  46 жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог Пиалаш Сүйінкинаның есімі облысымызда, одан қалды республикада белгілі. Ұзақ жыл ұстаздық еткен білікті маман аброймен атқарған еңбегінің арқасында ҚР білім беру саласының үздігі, «Ы.Алтынсарин», «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерінің, «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалінің иегері,  облыстық «Қазына» сыйлығының лауреаты атанды. Таяуда тағы да үздіктердің қатарынан көрініп, облыс педагогтарының мәртебесін бір көтеріп тастады.  Астанада өткен «Үздік педагог-2018» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, арнайы медаль мен 2 405 000 теңгелік сертификатқа ие болып қайтты. Жағымды жаңалықты ести сала мамандығының майталманымен жүздесіп, әңгімелескен едік.IMG_9339
-Астанадан жеңіспен оралдыңыз. Марапатыңыз құтты болсын! Бұл жеңіс үлкен еңбектің нәтижесі ғой.
-Мен бұл байқауға осымен үшінші рет қатыстым. 2013 жылы «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңіне, 2015 жылы республикалық деңгейдегі додаға өттім. Ал жеңістің тәтті  дәмін осы жылы таттым десем болар. Алдымен, осы байқауға қатысуға деген ниетімді мақұлдап,  қолдау білдірген Қостанай педагогикалық колледжі директоры Ғ.Оразамбетоваға, оның оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Қ.Жүнісоваға алғысымды білдіремін. Мұндай кәсіби сынаққа  өзін лайықты деп санайтын, өзінің де, оқушыларының да жетістігі көп, шығармашылық қабілеті мол мұғалімдер қатысады. Мәселен,  мен дайындаған портфолиоға  Рудныйдағы политехникалық колледж оқытушысы Б.Нұрымовамен бірлесіп жазып, 2009 жылы  Астанада жарық көрген «Кәсіптік қазақ тілі» оқулығы, «Ы.Алтынсарин – кәсіптік білімнің негізін салушы»,  «Қатемен жұмыс» деген кітаптарым қоса берілді. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойғы еңбегімнің жемісі «Бастауыш білім беру» мамандығына арналған «Кәсіптік қазақ тілі» оқулығын Білім және ғылым министрлігі мақұлдап, ол  таяуда Астанадағы «Фолиант» баспасынан басылып шығады.
Байқауға қатысушының соңғы бес жыл аралығындағы жұмысы қойылған талаптарға сай жинақталып, сауатты ресімделуі тиіс. Мұның бәрін орындап шығу оңай шаруа емес. Алайда  білім басқармасындағы осы салаға жауапты Гүлнәр Маратқызының талапшылдығы бізді қамшылай түсті. Қажетті құжаттар дайындауға терең  компьютерлік сауаттылық керек, бұл жағы менде мүлдем кемшін,  тіпті, осы конкурсқа қатыспай-ақ қойсам қайтеді деген де ой келді. Бірақ бастаған істі соңына дейін жеткізу керек. Айта кету керек, былтырғы жеңімпаз, өз шәкіртім Айнажанның ақыл-кеңесі  де едәуір септесін болды. Әрі мынадай қызық жағдай да болды. Басында осы байқауға  қатыссам ба екен деген ойдың шырмауында жүргенімде, әріптесім Қамар Закарияқызы мен туралы жақсы түс көргенін айтып қалды. Ол: «Сіз таудың үстінде  тұр екенсіз, жапалақтап аппақ қар жауып тұрды. Жағдайыңыз қалай?» – деп сұрады. Қазақ ырымшыл халық қой. Шәкіртімнің түсін жақсылыққа жорыдым да, бастаған ісімді аяғына дейін жеткізуге бел байладым. Сөйтіп, бірнеше мектеп мұғалімі, колледж оқытушылары «Үздік педагог-2018» байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары атандық. Тамыз конференциясында бізді өңір басшысы А.Мұхамбетовтің өзі құттықтап, «Сосновый бор» шипажайына тегін жолдама табыстады.
Құжаттарымыз республикалық іріктеуге  жіберілгеннен кейін, ол тараптан хабар тигенше әрбір қатысушының жеңіске үміттеніп жүретіні анық. Әйтсе де іріктеудің қатаң сыннан өтетіні хақ. Ешкіммен хабарласу, сұрап білу мүмкін емес. Кейбіреулер айтқандай, тамыр-таныстық ешқандай роль атқармайды.  Білім және ғылым министрлігіндегі  қызметкерлер  байқау жеңімпаздарын анықтау үшін комиссия мүшелерін тағайындап, олар қатысушылардың жұмыстарын барынша ыждағаттылықпен қарап, жан-жақты саралайтынына, іс-шараға үлкен жауапкершілікпен, адал қарайтынына көз жеткіздім. Мұндай  үлкен абыройға облысымыздан төрт педагог: Лисаков  қаласындағы мектеп-лицейдің физика және информатика мұғалімі В. Прахнау, бастауыш сынып мұғалімі С. Тарасова, Ш.Уәлиханов атындағы Торғай ОМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Г.Сейдағалиева және мен (Қостанай педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы) ие болдық. Спортшы үшін олимпиадада жеңіс тұғырынан көріну қандай арман болса, мұғалім үшін де «Үздік педагог» республикалық байқауында жүлдегер атану шексіз қуаныш. Мұны Астанада марапаттау рәсіміне келген үздік педагогтер жүзінен аңғару қиын емес еді. Бәрі де бақыт құшағында тербеліп,  шаттыққа бөленіп, танымаса да бірін-бірі құттықтап жатты. Мұндай байқаулар  өзгелерді де ынталандырып,  заман талабына сай жұмыс істеуге жетелейді, мұғалім мәртебесін өсіреді.f58c7416-7f4c-4023-9bd7-52697525a5eb
-Осы орайда мұғалім мәртебесі туралы пікіріңізді толықтырып кетсеңіз. Мұғалімдердің қызметі, қағазбастылыққа салынуы туралы жиі-жиі айтылып жүр. Сол қызу пікірлерге келесі жылы нүкте қойылатын секілді деп те ойлаймыз. Өйткені, Елбасы жаңа Жолдауында алдағы жылы «Педагогтар мәртебесі» туралы заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін қадап айтты.  Сіздің пікіріңіз қандай? Жаңа заңнан не күтеміз?
–Елбасы 2004 жылғы Жолдауында келешекте мұғалім мамандығы ең мәртебелі және жоғары ақы төленетін мамандықтардың біріне айналатынын, бұған мұғалімнің өзі де лайықты болуы тиістігін айтқан болатын. Міне, енді соған жақындап келеміз. Сондай-ақ, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында (2007жылғы) Н.Назарбаевтың үздік педагогтердің жұмысын бағалау және ынталандыру жүйесін жетілдіруді жүктеді. 2012 жылдан бастап балабақша, мектеп, колледж қызметкерлері үшін де конкурс өткізіліп келеді. Сөз реті келіп тұрғанда айтып өтсем артық болмас, сол  жылы Рудный қаласына, біздің  колледжге Астанадан ТжКБ саласының маманы Қадірбек Бөрібеков мырза келіп, кездесу өткізді. Ол кісіге мен: «ЖОО оқытушылары арасында өтетін республикалық конкурс өзге оқу орындарында қашан бастау алады?» – деп сұрақ қойғанымда, ол  байқаудың, яғни 2012 жылы басталатынын айтып еді. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, міне, содан бері біздің Г.Смағұлова, Қ.Бірманова, А.Бөрібаева (Болатханова) сынды түлектеріміз  аса мәртебелі  осы «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары атанды. Орайы келгенде айта кетелік, тағы бір түлегіміз Ж.Құсайын, алтын ұя колледжіне қайта оралып, оның мерейін үстем ету жолында  қолдан келгенінше  риясыз қызмет етуде. Біз осындай түлектерімізді мақтан тұтамыз. Біздің ізбасарларымыз өздерінің лайықты қызметімен мұғалім мәртебесін көтерудің үлгісін  көрсетіп жүр деп санаймын. Ендігі жерде педагогтің абырой-беделін заңды түрде негіздеу жүзеге асырылады. Күні кеше ғана жария болған Жолдауында мемлекет басшысы 2019 жылы «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң қабылданатынын айтты. 
Мұғалімдер арасында кәсіби қызметіне мейлінше берілген, қолынан іс келетін, үнемі ізденуден, жаңа белестерге қол созудан жалықпайтын, қайта  жеңіске жеткен сайын қанаттанып, шабыттанып, тың істерге ұмтылатын  жандар болады. Олардың қатары қалың да емес. Қолдан келеді екен, қабілет-қарымы жетеді екен, неге алға ұмтылмасқа?! Осы орайда есімі дүйім елге танымал аңыз адам, Социалистік Еңбек Ері Р. Нұртазинаның (кезінде Алматы қаласындағы жалғыз №12 қазақ мектебін басқарған, біз практикада сабағанда болғанбыз) мына сөзі есіме түседі: «Егер мектепте 100 мұғалім жұмыс істесе және оның 10 мұғалімі жақсы жұмыс істесе, онда мұндай мектептің жаман болмағаны». Шынында да, мұғалімдердің бәрі бірдей мықты, талантты бола алмайды. Рафиқа Бекенқызы 1999 жылы  77 жасында ұлы орыс ақыны А.С. Пушкиннің 200 жылдығына арналған конкурсқа қатысып, «Армысың, Пушкин! Здравствуй, Пушкин!» атты еңбек жазды емес пе. Бүгінде талап етілетін өмір бойы оқып-үйрену, іздену дегеннің нақты бір үлгісі  осы болар.
Мұғалімнің абырой-беделінің  артуы бірнеше  факторға, оның ішінде ұлағатты ұстаздар тағылымы қаншалықты  дәріптелетініне де байланысты болмақ. Туған өңіріне, еліне сіңірген еңбегі өзгерек педагогтерді өскелең  ұрпаққа өнеге етуі жақсы дәстүрге айналуы тиіс. Бұл тұрғыда Қостанай өңіріне танымал құрметті педагог С.Г. Мачневаның  еңбегін атап өтпеске болмайды.  Светлана Григорьевна кезінде ірі басшылық қызметте жүргенде, қарамағында еңбек етіп, ерекше  танылған педагогтер өнегесін өскелең ұрпаққа дарытуды көздеп, кейінгі жылдары естелік кітаптардың жарық көруіне бастамашы болып жүр. Білім беру саласына ерен еңбек сіңірген В.Шалабаев, М.Мұхитдинов, Д.Сүймеков,  А.Ф.Саламахин, Қ.Рысалин сынды ұлағатты ұстаздар жайындағы өрелі еңбектердің халық игілігіне айналуына С.Мачневамен бірге Р.Байсарина, Ғ.Оразамбетова, З.Нұрмұхамедова секілді білім беру саласының майталмандары да атсалысқанын көпшілік біледі. Қостанай педагогикалық  колледжінде  есімдері аталған құрметті педагогтерге ерекше көңіл бөлініп,  кітапханамызда арнайы мүйістің  жасақталуы да тегін емес. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілгендей, туған жердің  танымал тұлғалары, оның ішінде кәсібінің шыңына жеткен ұстаздары тағылымынан осы мамандықты таңдаған болашақ мамандар нәр алып, санасына сіңіруі тиіс. Өнеге өсуге, өрлеуге көмектеседі. Ал өрге жылжу өмір бойы оқып-үйрену қағидасын ұстанған  мамандарға тән болмақ.
-Кез келген толқын алдыңғы аға, ата буынға қарап бой түзейтіні белгілі. Әсіресе жас мамандарға білікті ұстаздардың кеңесі керек-ақ. Осы тұрғыдан келгенде, талантты мұғалім болудың жолы қайсы?
-Жыл сайын «Дарынды балаларға – талантты мұғалім» деген атаумен республикалық педагогикалық олимпиада өткізіліп жүр ғой. Қабілеті озық балаларға сабақты терең, жан-жақты білімді де білікті, кәсіби құзыретті мұғалімдер ғана жүргізе алады. Сол секілді мұғалім де шәкірттерінің ой-өресін танып отырады. Менде мынадай әдет бар: алдымен жақсы оқитын балалар қатарын іштей белгілеп аламын, сонан соң кіл мықтының ішіндегі ең мықтысы қайсысы екенін бағдарлаймын. Бұл маған, бір жағынан, оларды түрлі байқау, олимпиадаға қатыстыру кезінде керек болады.  Өз кезегінде тәлім-тәрбие берушінің деңгейінде алдымен алдындағы шәкірті байқайды, сонан соң  әріптестері көреді. Олардан өзіңді қалай бағалайтынын күтпесең де, кейде тосыннан естіп қаласың. Осыдан бірнеше жыл бұрын сырқаттанып қалған оқытушының орнына физика-математика мамандығында оқитын бір орыс тобына сабақ беруге тура келді. Мақтанғаным емес, әріптесім Мәриям Сапабекқызы ертеңіне: «Сені Лещев Сергей  «Вот, настоящий Учитель!» деп жатыр ғой!» – деді. Маманды қанаттандыратын мұндай сөздерді кейін де естідім.  Тіпті, бірде басшымыз Айғанша Айдарбекқызының: «Сен кетсең, колледждің бір қабырғасы құлап қалар…» – дегені бар. Адамның жүрек қалауымен атқаратын  ісінен қол үзуі қиын ғой. Мұны бүгінде өз басымнан кешіп жатырмын.  Өз басым танымал тұлғалар, оның ішінде  Р.Нұртазина, Қ.Нұрғалиев, Қ.Бітібаева, А.Миразова, А.Құсайынов және т.б. халық  ықыласына бөленген педагогтерге қатысты материалдарды жинастырып, арагідік қайталап оқып тұрамын, жұмысымда пайдаланамын. Ұлы тұлғалар Ы.Алтынсариннің, С.Көбеевтің мұраларына  жиі жүгінемін. Мәселен, С.Көбеев: «Жас жетпіс екіге келді. Қызметтен босар, тынығар кездің келгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Дегенмен елу жылдай жолдас болған, талай-талай кезеңдерін бірге кешкен тел жолдасым – мектепті тастап кету, жас достарыммен қош айтысу қиын екен. Өмірімнің ақырғы минутына дейін ардақты халқыма қызмет ете беруді арман етем. Менің мақсатым да, мен үшін рахат та, ләззат та осы», – деген екен. Маған да: «Әлі жұмыс істеп жүрсің бе? Шаршамайсың ба?» – деп,  «жанашырлық» танытатындар  бар.  Атақты математик-ғалым, академик Асқар Жұмаділдаевтың: «Мен ғылымнан кеткен күні өліп қалуым мүмкін», – деуі бекер емес шығар.
Осыдан бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрлігіне хат жолдадым. Қысқаша мәнісі: Ресейде А.С. Макаренконы әспеттеп, 2003 жылдан бері ұлы педагогтің құрметіне халықаралық конкурс және Макаренко оқуларын өткізу жақсы дәстүрге айналған екен. Бізде де өзіміздің ағартушы-педагогіміз Ы.Алтынсаринге арнап осындай ауқымды іс-шаралар өткізілсе деген ой жеткізілген еді. Сондай-ақ, педагог мәртебесін өсірудің бір амалы білім беру саласына мейлінше еңбегі сіңіп, абырой-атаққа ие болған ұстаздарға қосымша қаржылай қолдау көрсетілуі болмақ. Мыңдаған ғылым кандидаттарының жалақысына қосылатын пайыздық үстеме секілді еңбегі еленген нағыз ұстазға да бір ерекшелік жасалу керек секілді. Бұл турасында Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова да айтқан болатын.IMG_9338
-Әңгіменің тізгінін сәл босатып, өткен шаққа оралсақ. Еңбек жолыңызды алғаш бастаған қызығы мол жылдар есіңізде шығар?
-1972 жылы Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының «Филология» факультетін бітіріп, туған ауылымдағы өзім оқыған Науырзым орта мектебіне мұғалім болып оралдым. Қазан айында біздің мектепке облыс орталығынан арнайы комиссия келіп, бірнеше күн жаппай тексеру жүргізді. Менің де сабағыма кірді. Диплом бойынша қазақ кластарында орыс тілін жүргізетінмін. Кейін тексеру қорытындылары бойынша өткен педагогикалық кеңесте инспектор мырза менің кемшіліктерімді  бүкіл ұжымның және комиссия мүшелері алдында жайып салды. Кірерге тесік таппай, орнымнан әрең тұрып, олқылықтардың бұдан былай қайталанбайтынын айттым. Сырттағыны үй ішінде айтпайтын әдетіміз бар. Ата-анам білген жоқ, сол оқиғадан соң, түні бойы көз ілмей шықтым. Қазір ойлап отырсам, тексеруші  дұрыс істемеген секілді, жас маманның жігерін жаншымау үшін, жағдайды жеке өзіме айтып, түсіндіруі керек еді. Мен сонда алдымен өзімнің Қыпшақ Ысмағұлов, Ислам Балахметов, Нұрсұлтан Шәйкенов сынды сүйікті ұстаздарымнан ұялдым.Мұны білсе, алғашқы ұстазым, ҚазССР-не еңбегі сіңген мұғалім Кәкімжан ағай Нұрпейісов (бұл кезде ол кісі Дәмдіде тұрып жатқан) не айтар еді деп ойладым.
Әйтсе де сол жолғы ауыр сын мені қамшылағаны рас еді. Кейін директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, бір жыл мектеп директоры болып жұмыс істедім. 1987 жылы аудан орталығына қоныс аударып, мыңнан астам оқушысы бар орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ бере бастадым. Қазақ тілі менің бағымды ашты. 80-нен астам педагогі  бар үлкен ұжымда қазақ тілі мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігіне жетекшілік етіп,  өзге ұлт балаларына қазақ тілін оқыту сапасын көтеруге бір кісідей атсалыстық. Кабинет жасақтап, мектеп тарихында алғаш рет ашық сабақтар, сыныптан тыс іс-шаралар өткіздік. Орыс мектебінде тұңғыш рет «Тамаша» ойын-сауық кешін, М.Мақатаевқа арнап әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырдым. Әріптестерім Гүлзайра Мұқашқызы, Ғайнижамал Тайкелдіқызы ақиық ақын өлеңдерін жатқа оқығаны, Әлия Айсанқызы (10-сыныпта оқитын ұлы Жандостың гитарада сүйемелдеуімен)  «Фаризаға» әнін  шырқағаны естен кетпейді.
Кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өсіп-жетілуіме Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі үлкен әсер етті. Кезінде Қостанай-Торғай өңірінде «кіші  Академия» аталған педучилище тарихының тағылымы мол болды. Бұл енді бөлек әңгіме.
Қай заманда да  нағыз педагог жан-жақты білім алуға ұмтылған. Ол үшін көп оқып, іздену  талап етіледі. Қазіргі бәсекелестік заманында  өмір бойы оқып-үйренудің маңызы артуда. С.Көбеевтің: «Білімі таяз, өз пәнінен басқаны білмейтін тұйық оқытушы өз оқушыларының алдында ғана емес, жалпы еңбекшілердің алдында да беделді бола алмайды», – дей отырып, газет, журналдардағы үлгі мақалаларды оқу оқытушының ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттыра беруге мүмкіндік беретінін айтады. Мұғалім елде, әлемде, әсіресе білім беру саласында болып жатқан маңызды жаңалықтардан хабардар болып отыруы тиіс. Өкінішке қарай, педагогтер арасында жаңалық тыңдамайтындары, газет оқымайтындары баршылық. Олардың «бізді газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздырады» деп реніш білдіруі, шағымдануы мүлдем дұрыс емес. Кезінде ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсарин сонау таршылық заманның өзінде мұғалімдер үшін газет-журналдар алып тұрды емес пе.  Қайта мұғалім үшін газет оқу заңды үрдіске, қалыптасқан дағдыға, педагогтік қызметінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Оқымайды дегеннен шығады, осы жүлдені алып келгеннен соң,  оған қызыққан кейбір  мұғалімдер «бұл не қылған қонкурс?», «оған қалай қатысуға болады?» деп сұрап жатты. Демек, педагогке қатысты маңызды дүниелерден бейхабар мұғалімнен көп нәрсені талап етудің өзі әурешілік секілді. Мұғалім  мәртебесіне нұқсан келтіретін де білім саласындағы осындай кездейсоқ жандар.
-Әңгімеңізге рақмет!
 
Сұқбаттасқан Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓