Жайлы өмір, сайлы тұрмыс үшін…

Облыс халқын сапалы ауыз сумен, жылумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету – маңызын жоймаған мәселелер. Мұны түбегейлі шешу бағытында былтыр көп жұмыс атқарылғанын айтады аймақ басшысы.
2020 жылы 10,4 мың адам тұратын 13 ауыл алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Амангелді ауданының Қабырға ауылында  су тазартатын және тарататын 1 пункт орнатылды, 4,3 мың тұрғыны бар 9 ауылдағы сумен жабдықтау желілері жөнделді.
"Мұның сыртында, қалалық сумен жабдықтау және су бұру бойынша 6 жоба пайдалануға берілді, олардың шеңберінде Арқалық қаласы Западный кентінің су құбыры желілерін, Қашар кентінің сүзгі станциясынан есептегіш камерасына дейінгі су құбырын және Қостанай қаласының «Онкодиспансер» кәріздік-сорғылық стансасын қайта жаңғырту, сондай-ақ Лисаков қаласының су құбыры және кәріз желілерін, Тобыл қаласының шаруашылық-тұрмыстық кәрізін ағымдағы жөндеу жүргізілді" -деп тәптіштеді облыс әкімі.
2021 жылы 5 ауыл алғаш рет орталықтандырылған сумен қамтылады, 8 ауылдағы су тарату жүйесі жақсартылады, сондай-ақ 13 ауылда  суды тазарту және тарату пункттерін орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 106 ауыл үшін тасымалданатын суды тарату пункттері орнатылатын болады. Болашақта тағы 29 ауылды (19,4 мың адам) орталықтандырылған сумен жабдықтауға арналған 18 жоба қолға алынбақ.
"Мемлекет басшысының бастамасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында газдандыру жұмысы жалғастырылуда. 2020 жылы Алтынсарин ауданының Қосқұдық, Федоров ауданының Федоров ауылдарының газ тарату желілері пайдалануға берілді, Қостанай ауданының Шеминов және Озерное ауылдарына газ құбыры салынды. Әулиекөл ауданының Әулиекөл ауылын газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды", – деп көгілдір отынмен қамту шаралары туралы баяндады облыс әкімі.
Бұдан басқа, Қамысты ауданының Алтынсарин, Қостанай ауданының Шеминов мен Озерное және Федоров ауданының Копытченка ауылдарын газдандыру жүзеге асырылмақ.
Тағы бір маңызды мәселе – жылумен жабдықтау жұмыстары. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында есепті жылы Лисаков қ. Октябрь кентінде жылу желілерін қайта жаңғырта отырып, 2 блокты-модульді қазандықтың құрылысы аяқталды.
"Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Федоров ауылында газ отынымен 4 модульдік қазандық және Арқалық ЖЭО-да қуаты 2,5 МВт 1 турбоагрегат пайдалануға берілді. Биыл облыстың проблемалық мәселелерінің бірі – Арқалық қаласын жылумен жабдықтау мәселесі шешіледі, Арқалық ЖЭО қатты отынға ауыстырылады", – деп толықтырды аймақ басшысы.
Сондай-ақ, А.Мұхамбетов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Денисов ауданының Денисов және Науырзым ауданының Қарамеңді ауылдарында қазандықтар салынғанын да тілге тиек етті. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓