Жас буынға бас болған
Дана халқымыз: «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу», – деп ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Алдыңғы жақсы ағалар кейінгі жасқа өсиет айтып, үлгі-өнеге көрсеткен. Кешегі бабалар тәрбиесі күні бүгінге дейін лайықты жалғасын табуда. Қазіргі күні жастардың жан-жақты білім алуларына, бизнес бастап, кәсіппен айналысуларына мемлекет барынша жағдай жасауда. Облыс орталықтарында жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалар құрылды. Дәл сондай мекеме біздің астықты аймақта да бар. Қыркүйек айында аталмыш басқарманың жаңа басшысы болып іскер азамат Марат Жұрқабаев тағайындалған болатын. Жуырда басқарма басшысымен кездесіп, облыстағы жастар саясаты туралы аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.
-Марат Кенжебекұлы, Президент биылғы жылдың 5 қазанында жариялаған жаңа Жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Келер жылдан не күтеміз?
-Бүгінгі таңда Қазақстанның жастары азаматтық қоғамның толыққанды, бастамашыл және жауапты субъектісіне айналды. Жастар үшін көптеген бағдарламалар іске асырылып, жыл сайын мыңдаған жас мамандар жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері өмірлік бастаудың жаңа мүмкіндіктерін алуда. Бұның барлығы – Ұлт Көшбасшысының көреген саясатының еңбегі.
Президентіміздің соңғы Жолдауы оптимистік көзқарасқа толы. Президент өз Жолдауында ерекеше назар аударатын жайттардың негізгі мәселелерін көрсетті. Еліміздің жас ұрпағы үшін білім беру, еңбек нарығы және ақпараттық технологиялар мәселелері ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл бастама еліміздегі барлық жастарға шабыт сыйлайды деген ойдамын. Келер жылдан біздің де үмітіміз көп. Жастар саясатын жетілдіру, жаңғырту жұмыстары қарқын алады деп сенемін.
Елбасымыз келесі жылды «Жастар жылы» деп атап кетті ғой. Сондықтан біз қазан айының 29-31 күндері жастар форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Қостанай облысынан бөлек Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан, Ресей Федерациясынан жастар делегацияларын шақырып жатырмыз. Форумда басқа өңірлердегі жастар саясатын дамытуға қатысты жасалып жатқан жұмыстармен танысатын боламыз. Республикалық деңгейдегі спикерлер де келеді.
Республика бойынша жастар саясатын дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Ағымдағы жылы мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға 220 млн 544 мың теңге бөлінген болатын. Оның ішінде мемлекеттік жастар саясаты саласындағы 67 әлеуметтік маңызы бар жоба, соның 60-ы қалалық және аудандық әкімдіктері демеуімен 50 млн 150 мың теңгеге, 7 жоба жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ықпалымен 9 млн 454 мың теңгеге жүзеге асырылды.
-Қостанай облысындағы жастар немен айналысуда? Олармен тұрақты байланыс бар ма?
-Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің статистика бойынша Комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың басында облыста жастардың саны 185 077 адамды құрады (қалалық жерде – 96 477 адам, ауылдық елді мекенде – 88 600 адам). Жастардың қатарына 14 пен 29 жастың аралығындағы азаматтарды жатқызамыз. Осы санатқа жататын облыстың азаматтары әртүрлі бағытта еңбек етіп жатыр. Олардың арасында оқушылар да, студенттер де, жас мамандар да бар.
Жастарды жұмыспен қамтудың еліміздегі басты назардағы мәселе екені белгілі. 2018 жылдың 1 қазаны жағдайы бойынша облыстың жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін 5454 жас жүгінді. Жастар арасынан 7173 адамға жұмыспен қамтуға көмек көрсетілді, оның ішінде 357-сі әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталды. Алғашқы жұмыс тәжірибесін, білімі мен дағдыларын меңгеру, жұмысқа тұруға көмектесу және жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы болып, 629 адам жүгінген – «Жастар тәжірибесі» жобасы. 4509-ы тұрақты және маусымдық жұмысқа орналастырылды, 724-і кәсіби оқуға жіберілді, шағын несиелер 44 адамға ұсынылды. Қоғамдық жұмыстарға 910 адам қатысты. Жастарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жалғасуда.
Осы қызметке келгеніме бір айдың жүзі болды ғой. Сондағы байқағаным, жастар арасындағы негізгі проблема – жұмысқа орналасу және баспана алу. Кейбір жастардың жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар туралы білмейтіндері белгілі болды. Жастарды жан-жақты қолдауға арналған «Дипломмен – ауылға!», «Еңбек», «Даму» бағдарламалары бар. Кәмелеттік жасқа толған кез келген жас қатыса алады ғой. Бірақ, ақпараттың жетпеуінен бе, әлде өздерінің сылбырлығы ма, кім білсін, жастардың қатысуы төмен. Шын мәнінде, бұл бағдарламалардың іске асуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалуда. Жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ жастардың ынтасы төмен. «Серпін» бағдарламасын алып қарайық. Бұл бастама Қостанай өңірінде 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта Қызылорда, ОҚО, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының тумалары, 1990 бала Тобыл өңіріндегі ЖОО-да оқиды және 25 бала кәсіби оқу орындарына түскен. Бұл – биылғы көрсеткіш. 2018 жылы 120 серпіндік оқуын аяқтап, оның 50 пайызы Қостанай облысында қалды. Өкінішке қарай, көбісі өздерінің туған жерлеріне кетіп қалып жатады. Олардың арасында әрі қарай жоғары білімдерін жалғастырып жататындары да бар. Ол да дұрыс, бір жағынан. Жас өркенге "Серпінмен" бітірдің, міндетті түрде осында жұмыс істе" деп талап қоя алмайсың ғой. Бала одан әрі дамысын, білімін жетілдірсін. Десек те, осында қалып еңбек етіп жатса, нұр үстіне нұр.
– Облыстағы жастар ұйымдарының жұмысына көңіліңіз тола ма? Олардың бәрі белсенді ме?
-Өңірде жастардың 77 үкіметтік емес ұйымы (Қостанай қ. – 39, облыстың аудандарында – 38) және 38 әскери-патриоттық клубы бар. Олардың бәріне бірдей баға беру мүмкін емес. Десек те, Қостанай облысының жастар ұйымдарын мақтанышпен айтуға болады. Біздің жастар қоғамдық өмірге белсенді қатысып отырады. Жыл сайын әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Соған белсенді қатысып жүр. Бір күндік флешмоб ұйымдастырып, ұпай жинауға асық тұратын ұйымдардың іс-әрекеттеріне қарсымыз.
Біздегі белсенді ұйымдар дегенде «Жайдарман» тобы, «Ел ертеңі» сияқты қоғамдық бірлестіктер бірден еске түседі. Рудныйдағы бірсыпыра жастар ұйымы да белсенділіктерімен көрініп жүр. Олар біздің мекемеміздің әлеуметтік тапсырысын іске асыруда асқан жауапкершілік танытуда. Қазір біздің басқармада 7 жоба іске асырылып жатыр. Сол жобаларды жүзеге асырып жатқан жастар ұйымдарын кездесуге шақырып, өзара ой бөлісіп отырамыз.
-Жастар ұйымдары сөз болғанда еріктілер қозғалысы еріксіз еске түседі. Қоғамдағы ерікті жастардың қызметін қалай бағалайсыз?
-Менің ойымша, қазіргі уақытта еріктілер туралы қате көзқарас, ой қалыптасқан. Еріктілер қозғалысы дегенде біз флешмобқа қатысып жүрген жастардың бір шоғырын атап жүрміз. Жалпы, ерікті дегеніміз – қоғамда болып жатқан өзгерістерге өз еркімен қатысушы. Екіншіден, мұқтаж адамдарға көмектесуге ниетті азаматтарды айтса керек. Еріктілерге тек қана жастарды жатқызуға болмайды. Өйткені, еріктілердің жасына шектеу қойылмайды. Облыс бойынша жиырма Жастар ресурстық орталығы бар. Сол орталықтардың қасында еріктілер тобы жасақталған. Қостанайлық жүз үздік ерікті 2017 жылы халықаралық «ЭКСПО» мамандандырылған көрмесіне барып қатысты. Мемлекеттік маңызы бар іс-шараға барынша үлес қосты.
Біздің жастар еріктілер қызметін қате түсінбеуі керек. Еріктілер мұқтаж адамдарға көмектесіп, ардагерлерге, қиын жағдайға тап болған зейнеткерлерге қолғабыс жасауы қажет. Осындай қызмет түрін жандандыру мақсатында биыл облыстық балалар ауруханасымен және мүгедектер үйімен келісім-шартқа отырып жатырмыз. Келісім-шарттың мақсаты – жас үлкендерге көмек беру. Еріктілер қозғалысын әрдайым есте ұстап, жаңғыртуымыз керек.
-Дарынды жастар да сіздердің назарларыңызда шығар?
-"Жалпы жастар" деп айтқанымыз дұрыс шығар. Шығармашыл, дарынды жастармен біздің мекемеден бөлек мәдениет, білім, өнер, спорт саласындағы мемлекеттік органдар айналысады. Осы бағытта әртүрлі жобаларды іске асырып жатыр. Дарынды жастар дегенімізде көбінесе жастардың шығармашылық табыстарын айтып жатамыз. Дарынды жастарды іздегенде білім, ғылым саласына да көңіл бөлгеніміз жөн деп түсінемін. Дарынды жастарды қолдауға арналған ғылыми-зерттеу бағытындағы «STARTUP» жобасы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің қабырғасында жүзеге асып жатыр. «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабы» деген жобамыз бар. Ол 2005 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Қазіргі уақытта Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» 195 лауреаттың есімі тіркелген. Бұл жобада әртүрлі салада жетістікке жеткен жастарды анықтап, оларды марапаттаймыз. Болашақта «Алтын кітаптың» деңгейін көтереміз деген мақсат бар. Бұл жоба облысымызда, одан қалды республикада керек. Жастардың әр жетістігін көрсетіп отырған дұрыс. Еңбегін бағаланған адам шабыттана түседі. Біз жастарды қанаттандырғымыз келеді.
Басқарма биыл «Ел Ертеңі» ЖҚБ-мен бірлесіп мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жастар жетістіктерін ілгерілету және «Қостанай облысы жастарының алтын кітабының» лауреаттарын іріктеу бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» жобасын іске асырады. Жоба шеңберінде барлық жоғары оқу орындарының студенттеріне "Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабы» жобасына қалай қатысуға болатыны жайлы түсіндіріліп, лауреаттармен кездесулер өтеді. Биылғы жазда спортшы жастарымыз үшін Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің спорт кешенінде 2017 жылғы Қостанай облысы жастарының Алтын кітабы жеңімпаздары «Легенда №17» және 2018 жылғы Қостанай облысы жастарының Алтын кітабының үміткерлері «Новая волна» деп аталған командалардың қатысуымен шағын футбол турнирі өтті. 2018 жылдың 1 қарашасына дейін «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабы» үміткерлерін іріктеу бойынша өтініштер қабылданады.
-Сөз соңында жастар идеологиясына қатысты пікіріңізді білгіміз келеді.
-Жастар идеологиясы патриоттық тәрбиеден бастау алу керек деп есептеймін. Өйткені, қазіргі жастарда мүмкіндік көп. Олар басқа мемлекетке оқуға түсе алады. Шетелде білім алған соң, сол елде қалып қоюы мүмкін. Кейін қоныс аударып жатады. Бірақ, әрқайсысының жүрегінде елге деген сүйіспеншілік болуы тиіс. Біздің қанымызда, қазақы тәрбиемізде Отанға деген махаббат берік сақталған. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп бекер айтпаған бұрынғылар. Жастарымыз әлемнің қай шетінде жүрсе де туғен елін, өскен жерін, ана тілін ұмытпаса деймін. Мұның бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жақсы айтылған. Кейбір кезде рухани жаңғырудың мағынасын басқаша түсініп, әдемі ұғымның ауқымын тарылтып алып жатамыз. Шын мәнінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының терең ой, терең мағынасы бар. Менің ойымша, рухани жаңғыру дегеніміз – ең алдымен еліңді, туған жеріңді сүйіп, Отанға деген патриоттық сезімді жандандыру.
Біздің жастар елде болып жатқан барлық өзгерістерге белсенді қатысуы керек. «Мен әлі жаспын» деген тоғышарлық ойдан арылғанымыз абзал. Халқымызда «Болар бала он бесінде баспын дер» деген қанатты сөз бар. Жастық шақ мәңгі тұрмайды. Жалындап тұрған кезіңде қоғамға жан-жақты араласып, өзіңнің бойыңда бар талантты шыңдауың керек. Заманның ағымына қарай өзіңді-өзің жетілдіруің қажет. Уақыттың талабынан шыға білсең ғана қатарыңның алды боласың. Қазір «мемлекет маған не береді?» деп қол қусырып отыратын кезең емес. Жастар «Мен елімнің болашағы үшін не істеймін, қандай еңбек сіңіремін?» деп іштей өзіне сұрақ қоюы керек.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттер редакция архивінен алынды