Орталықтағы жылы жүздесу
Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Басқосуға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те қатысқан болатын.
Қостанай облысы ҮЕҰ ресурстық орталығында өткен басқосу мазмұнды сұқбат түрінде өрбіді. Аймақтағы көшбасшы ҮЕҰ жетекшілері өздері атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып, министрге сауалдарын қойды.
– Дәл осындай ҮЕҰ орталығы республикамыздың әр аймағында бар. Мен таяуда Атырау облысында болып, ондағы азаматтық қоғам институтының қызметімен таныстым. Қостанайлық ҮЕҰ сектор тұрақты түрде дамуда және алдыңғы қатардан көрінуде. Жалпы, елдегі ҮЕҰ туралы айтар болсақ, республикада тіркелген ҮЕҰ-дың 14-15 мыңы жыл сайын жұмыстарының есебін беріп отырады. Министрліктің деректер базасындағы мәліметтерге сәйкес, елдегі ҮЕҰ даму көрсеткішін тұрақты деуге болады. Кез келген азаматтық бастама қолдауға ие болуға тиіс. Мұның маңыздылығын, қажеттілігін билік те қоғам да жақсы түсінеді, – деген министр Д.Қалетаев алдағы қараша айының соңына қарай республикалық Азаматтық форумның өтетінін жеткізді. Сол жиында азаматтық сектордың дамуы туралы тұжырымдама талқыланады екен.
Мүгедек балалардың аналарының «Радуга» ҚБ төрайымы Наталья Колоскова ҮЕҰ-дар қызметі туралы арнайы Кодекс қабылданса деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ, ҮЕҰ-дар үшін интернеттің бағасын арзандатуға көңіл бөлсеңіз деген өтінішін де қосты. Ең болмаса, 50%-тік жеңілдіктің жасалғанын қалайды.
– Мен Атыраудағы ҮЕҰ үйінде болдым. Оларда шағын зал бар. Ол жерде ҮЕҰ-дар интернетті тегін пайдаланады. Яғни, тәжірибеде мұндай мәселенің шешімі бар. Қостанай облысы – ауыл шаруашылығы дамыған, аграрлық аймақ. Сол себепті Тобыл өңірінде ауылдық ҮЕҰ-ды қолдап, дамыту керек, – деді министр.
Ауылдық ҮЕҰ-дың белсенділігін арттыру туралы ойды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те қуаттады. Бүгінде Қостанай облысында төрт ауылдық ресурстық орталық жұмыс істеп жатыр. Кездесуде «Күнтимес» қоғамдық қорының жетекшісі Еділбай Ахменов биліктің үшінші секторға жасап жатқан қолдауына көңілі толатынын айтып, басшыларға ризашылығын білдірді.
– Біз Шоқан Уәлихановтың туған жерін насихаттауды мақсат тұтқан «Күнтимес» атты қоғамдық қор боламыз. Алғашқы қадамымызды 1993 жылы бастамашыл топ ретінде бастаған едік. 2016 жылы облыстағы ҮЕҰ-дың орталығына қосылып, 2017 жылы қоғамдық қор ретінде қызметімізді жалғастырдық. Ш.Уәлихановтың туған жері – Сарыкөл ауданының Күнтимес ауылында «Жас Шоқан» деген мүсін орнаттық. Облыстық әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесіне қатысу арқылы әйгілі ғалым Шоқанның мүсінін орнатуға мүмкіндік алдық. Облыс әкімінің және биліктің үкіметтік емес ұйымдарға жасап жатқан басқа да қолдауларына алғыс айтқым келеді, – деді Е.Ахменов.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.