Орындалсын бар арман
Жаңа жыл мерекесін әр бала асыға күтеді. Аяз Атадан сыйлық алып, барлық арман-тілектерінің орындалғанын қалайды. Балалардың асыл армандарын орындау үшін барын салатындар баршылық. Жаңа жыл қарсаңында облысымыздағы ҮЕҰ өкілдері ерекше балғындарға сый жасады. Олар мұз айдынында қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Кузин мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Жигинмен кездесті. Өкінішке қарай, ауа райының қолайсыз болуына байланысты көп бала бұл шараға келе алмады. Бірақ алдағы уақытта спортшылар балаларға шеберлік сағаттарын өткізіп, "Аутизмге тоқтау", "Радуга", "Тұмар", "Гемофилиямен ауыратын науқастар қауымдастығы" қоғамдық ұйымдарының тәрбиеленушілерімен алдаға уақытта кездесетін болады. Қабидулов Мәди мұз айдынына келіп, конькимен сырғанауды армандайтын. Бүгін оның осы тілегі орындалды. Танымал спортшылар Мәдиге конькиді сыйға тартты. -Балам аутизммен аурады. Теледидардан қысқы спорт ойындарын, «Мұз дәуірі» бағдарламасын қарағанды жақсы көреді. Үнемі мұз айдынына барып, сырғанақ тебейік дейтін. Бүгін осы тілегі қабыл болды, – дейді анасы Кенжебике Медібаева.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суретті түсірген Б.Ахметбеков