Табыс толайым, тұрмыс тұрақты
Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов Батпаққара өңірінің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баспасөз мәслихатында баяндап берді.
Аудан басшысы әуелі экономикалық ахуалға қатысты ақпарат берді. Айтуынша, ауданның биылғы жылдық бюджеті едәуір қом жинаған. Кірістер көлемі 4 млдр 351 млн теңгеге жетіпті. Осылайша, жоспарлы межеден 10,5 млн теңге артық түскен. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы да жыл сайын еселеніп келеді.
– Аудан экономикасының негізгі капиталына құйылған инвестиция сомасы 1 млрд 883 млн теңгеге тең. Оның 46% кәсіпорындар мен азаматтардың, 54% бюджеттік қаражаттың үлесіне тиесілі болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, инвестиция көлемі 498 млн теңгеге артық түсті, – деп тәптіштеді Ә.Асанов.
Тоғыз ай ішінде 563 млн теңгеге шақ өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Аудан табысын арттыруға шағын және орта бизнеске көрсетілген қолдаудың нәтижелілігі де себепші. Қазіргі кезде Амангелдіде мұндай 840 субъекті бар екен. Олардың арқасында 938 млн теңгенің өнімі тұтынысқа жарап, жергілікті қазынаға 104 млн теңге салық түскен. Сондай-ақ, биыл ғана аудан орталығында "Нұрай" тұрмыстық қызмет көрсету орталығының ашылғанын айта кеткен жөн. Ауқымы 200 шаршы метрлік нысанда 2 ателье, 2 шаштараз, сән салоны, аяқ киім жөндеу бөлмелері бар. Халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлерге де жеңілдік қарастырылған – тек коммуналдық шығындарды ғана өтейді.
Ал басты сала – ауыл шаруашылығы да табысты жылма-жыл ұлғайтып келеді. Есепті кезең аясында 11 млрд 184 млн теңгенің өнімі өндіріліпті. Тарқатып айтқанда, мал шаруашылығынан 6 млрд 394 млн, өсімдік шаруашылығынан 4 млрд 782 млн теңге пайда түскен. "Сыбаға", "Құлан", "Алтын асық" бағдарламасына қатысқан жергілікті шаруалар осы уақытқа дейін барлық түлікті қоса есептегенде 3 081 мал басын өріске қосыпты.
– 130 988 га алқапқа тұқым сіңірілді, ол өткен жылғыдан 12 гектарға артық. Биыл жауын-шашынның сиректігі шығымның аздығына себеп болса да, алқап ауқымы және агротехникалық шаралардың дер кезінде атқарылуы арқасында өнім көлемін былтырғыдан артық алдық. Нақты айтқанда, 95 мың тонна бидай қамбаға түсті. 820 тонна көкөніс, 157 тонна бақша дақылдары жиналды, – деп жиын-терім жұмыстарынан мәлімет берді аудан әкімі.
Осы жылы аудандағы құрылыс жұмыстарына 1 млрд 742 млн теңге қаржы жұмсалған. Жаңадан 5 үй пайдалануға беріліпті. Ал өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 3 күрделі жоба жүзеге асып жатыр. Сәтімен аяқталса, 6 елді мекеннің 11 846 тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Мұндай игілікке қыркүйекте-ақ қолдары жеткен амантоғайлықтарды есептемегенде, Үрпек, Ағаштыкөл, Есір сынды ауылдардың сусындар күні алыс емес. Аудан басшысы жолдарды жөндеуге облыс қазынасынан бөлінген 477 млн қаржының да жоспарға сәйкес игерілгенін айтты. Бүгінде Амангелді-Үрпек автожолының 16 шақырымы қалыпқа келтіріліп жатыр. Жалпы құны 336 млн теңгелік жөндеу жұмысы келер жылы аяқталмақ.