Қостанай – мәдениетті қала

Қостанайды Қазақстанның солтүстігінде орналасқандықтан, «орыстанған қала» деп түсінетіндер көп. Шын мәнісінде олай емес екенін осы мақала арқылы жеткізіп көргім келеді.caption
Қостанай – қазақтықтың қаймағы бұзылмаған қала. Оған, ең бірінші, қала тұрғындарының қазақшасында диалект сөздердің жоқ екенін мысал етуге болады. Қостанайлықтардың тілінен «нән», «құттақандай», «әпше» деген сияқты диалект сөздерді таба алмайсыз. Яғни, қаладағы қазақтардың қазақшасы таза деп айтуға болады. Өйткені диалектиканы "ерекшелік" деп мақтан етуге болмайды. Диалектологтардың көксейтіні де жалпыхалықтық тілді қалыптастыру. Бұл тұрғыда қостанайлықтар қолданысындағы тілді қаймана қазаққа ортақ, Ыбырай, Ахаң-Жахаң, Бейімбеттердің тілі деп айтуға болады.
Қала өзінің тарихын, әдебиетін жадында сақтап келеді. Олай екенін қалада өтетін іс-шаралардан анық көреміз. Қостанайда қазақ әдебиетіне, қазақ өнеріне, оқу-ағарту ісі мен медицина салаларында қалтқысыз қызмет еткен тұлғаларымыз өте көп. Сондай тұлғалардың есімін ұмытпау мақсатында көптеген конференция, фестиваль, шығармашылық кештер ұйымдастырылып тұрады. Мысал ретінде айтайық, осы айда өткізілген өңірдегі ұлт-аспаптар ансамблінің негізін қалаушы Абай Әмірхановты еске алуға арналған облыстық фестивальдің, Қайнекей Жармағамбетовтың 100 жылдығына арналған кең көлемді конференцияның, тіпті тұтас қазаққа ортақ қаламгер Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына арналған шығармашылық кештің аталып өтуі соны аңғартады.
Қостанайда «қазақ бол!» деген ұран жоқ. Қостанайлықтар ешқандай ұрансыз-ақ қазақ болып өмір сүреді. Қалада жүргенде ұлттық киімде жүретін ата-әжелерімізді, күнін кітапханада өткізетін ақсақалдарымызды және үй ішін ұлттық нақыштағы тоқыма-тігіндерімен жабдықтап отырған жеңгелерімізді, жұмыстағы бос уақытында домбыра тартып, ескі қазақ әндерін салатын ағайларымызды көрдім. Осыдан кейін «Қостанайда өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан, тұрғындардың таза қазақы тұрмысы тайға таңба басқандай байқала бермейтін болып тұр ғой» деп түйдім.
Қаладағы өзге ұлт өкілдері де қазақы ділге құрметпен қарайды. Қостанайдың өз менталитеті қалыптасқан. Өзім осы қаладан қостанайлық екенін мақтан тұтатын және таза қазақ тілінде сөйлейтін құрбылар тапқаныма ерекше қуаныштымын. Сондай-ақ, МузАрт, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сияқты әншілеріміздің концертіне әр түрлі ұлт өкілдері келіп, әншілермен бірге ән айтқандарына, кейбір кісілердің осындай қазақша концерттерден қалмайтындарына да куәмін. 
Қостанайда «Мен қазақпын», «Мен мұсылманмын» деген сияқты кеудемсоқтық жоқ. Олайша оқшауланып, одағайланып жатпайды. Қала тұрғындары өзге ұлт өкілдерімен бірлікте, бір деңгейде өмір сүріп келеді. Ешкім ешкімді алаламайды, ешкімді ешкім қараламайды…
Қала тұрғындары да «алматылық», «астаналық» болуға асықпайды. Олардың санасында «Туған жерге туың тік» деген мақалдың мазмұны басым тұратындай. Қазір республика бойынша «қазақ болайық», «қазақтығымызды сақтайық»  дегенді айтып та, жазып та жүргендер көп. Тіпті тату ел ішіне жік салып, "қара аспан төндіріп", "жау шақырып", ұлттық мәдениетіміздің болашағын бодан қылып көрсететіндер де жоқ емес… Осы орайда Қостанай қаласындағы ұлттық менталитетіміз өзге отандастарымызға үлгі болса екен деп қаламын. Қаладағы ұлттық ділдің жоғарылығынан шығар – көп қостанайлықтың Астана, Алматы сияқты қалалардан қайтып, Қостанайда тұрақтап қалатыны таңдандырады. Сонымен қатар, атақ-абырой, дүниені қумай, Қостанай тіршілігімен тыныстап жүрген мықты таланттар барын да атап өткім келеді.
Қазір біз «Алматы – өнер ордасы» дейміз. Ал, мен болашақта Қостанайды мәдениеттің ордасы ретінде, үлкен көлемдегі, биік деңгейдегі қала ретінде көргім келеді. Еліміз дамып, қазіргі озық елдермен иық тірескен уақытта Қостанай қаласы ұлттық мәдениетімізді сақтаған мегаполиске айналады деп ойлаймын. Солай болса екен деп үміт етемін!
 
Жұлдыз Қадірова,
ҚМПУ 4-курс студенті

You may also like...

1 Response

  1. Нагима айтты:

     Жұлдыз айналайын, Қостанайдын деңгейін котергенине Рахмет! Міне осы патриоттық! 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓