Киноның да киносы бар
Ақбота Сақұлова,
ҚМУ 4-курс студенті.
Қазір қоғам арасында "үнді фильмдері қаптап кетті", "түк мағынасы жоқ кинолар еңбектеген бала мен еңкейген қарттың ермегіне айналды" деген сынды пікірлерді жиі естіп жатамыз. Дегенмен де, бұны ақиқат тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ешкім ешкімді теледидар алдына байлап ұстап отырмайды. Оны қарау да, қарамау да өз еркінде. Нағыз технологияның дамыған заманында сол бір арнадағы киноға бәрінің бірдей қадала қарап қалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Егерде теледидарда бұрынғыдай тек екі-үш арна ғана істейтін болса, онда түсінуге болар еді. "Амалы жоқтықтан қарайды екен ғой! " дерміз. Ал қазір не туралы қараймын десеңіздер де, әр тақырыпқа сай жеке-жеке арналар бөліп қойған. Оны аздық етсеңіз, интернет деген бар емес пе? Атауын жазсаңыз болғаны, қалағаныңыз экранға зып беріп шыға келеді. Біздің, қазекең олай іздеуге де ерінеді ғой, шіркін! "Әлгі пульті құрғырды басқанда қалағыным шыға келсе ғой", – дейді. Ол тілегі орындалмаса, қарауын қарап алып, анау жаман, мынау жаман деп байбалам салады. Үнді, түрік кинолары сонау атам заманнан бері көгілдір жәшіктен түскен емес. Оны өзіміз бала кезімізден бастап көрдік және әлі күнге дейін реті келіп жатса қараймыз. Бірақ, біз сол кинодағы дәстүрді қайталап немесе теріс бағытқа көшіп кеткен түгіміз де жоқ. Мен мұндай ойыммен үнді сериялдарын жақтайын деп жатқан жоқпын. Тек әр нәрсені қарастырғанда тек жаман жағын немесе осыған орай жақсы жағын ғана алмай, екі жақты баға беріп, тепе-теңдікті сақтау керек деген пікірдемін. Енді неліктен шыр-пыр болып, бұл құрғыр үнді киноларын жақтағанымды толығырақ айта өтейін.
Жалпы, жатақханада тұратын студенттер жағы демалыс күндері жақындай түссе бір-бірімізден кино сұрап әлекке түсеміз. Әрине, бірінші орындау керек тапсырмаларды бір жақты қылған соң, құрбыларымызбен отырып, кино қарауға көшеміз. Бірде бір құрбым "міне, мына фильмді барлығы мақтап жатыр, біз де қалыспай қарап көрейік" деп үнді киносын алып келді. Аты "Jai Ho" деп аталады. Бірінші көргеннен-ақ үлкен әсер қалдырды. Оқиға желісі Jai Ho есімді бұрында әскери қызмет атқарған жас жігіттің ойлап тапқан идеясы турасында жалғасады. Ол қызметінен бастығының берген бұйрығына бағынбай террористік қақтығыста жауыздардың қолына түскен жас бүлдіршіндерді аман алып қалғаны үшін босатылады. Кейін ол қоғамдағы болып жатқан әділетсіздіктерді көре тұра дым болмағандай жүре беретін адамдарға ызаланып, көптен бері көкейінде жүрген "жақсылық тізбегі" аталатын идеясын жүзеге асырмақ мақсатында өзі қол ұшын беріп, көмектескен адамға мынадай ұсыныс тастайды. "Саған көптен-көп рахмет, енді бұл көмегіңнің орнына не қалайсың?"– деген ақсақалға, жас жігіт: "сіз маған рахмет айтпаңыз, оның орнына қолыңыз қалт еткенде 3 адамға көмек беріңіз және де олардың кез келгенінен тағы да үш адамға көмектесуін өтініңіз. Осыны орындасаңыз, оның өзін маған жасаған жақсылығыңыз деп білемін!" –дейді басты рөлдегі кейіпкер Jai Ho. Бұл идеяға таңданыспен қараған ақсақалға Jai Ho бір адам үш адамға көмек беріп және де олардың әрқайсысы тағы да үш адамға қол ұшын созса, бұл – "жақсылық тізбегі" миллиондаған жүректерді жылытып, осының арқасында аз да болса қоғамдағы жаман ниетті адамдардың қатары сирейтініне сенімді екендігін айтады. Осыдан кейін ақсақалдың келісімін алған ол, іштей қуанып үйіне қайтады. Jai Ho-ның "жақсылық тізбегіне" үлес қоспақ болған досы өзі көмек берген адамнан, одан 3 адамға қол ұшын беруді өтінгенде, ол: "сендердің бұл ойларың жүзеге аспайды, адамдар уәде бергенімен, оны орындамай күнделікті өмірлерін кешіп жүре береді"– дейді. Бұл сөз лезде Jai Ho-ның құлағына жетеді. Сондықтан да ол жаңағы адамның сөзі рас-өтірігін анықтамақ мақсатта бұрын өзі көмектескен ақсақалға барады. Шынымен де дәл сол адам айтқандай-ақ, ақсақал жұмыстан қолының босамай жүргенін, уақыты болса міндетті түрде орындайтынын айтады. Бұл сөздерді естісімен ашуға булыққан жас жігіт іштей тынып кете барды. Үйіне келіп, ойға шомылып отырғанда, сырттан жиенінің көрші балаға өзінің велосипедін ұсынып, рахмет айтқан досына 3 адамға көмек беруін өтініп жатқанын естиді. Бұны естісімен ол әлі де болса үмітінің үзілмегендігіне көзі жетеді. Кейін елдегі премьер министрді қастандықпен өлтірейін деп жатқан жерінен аман алып қалады. Мемлекет үшін маңызды тұлғаны құтқарамын деп Jai Ho қатты жарақаттанып, ауруханада оянады. Көзін ашса, жанында жақындары, өзі қол ұшын берген адамдар жиналып қалған екен. Барлығы басты кейіпкерге терезе жақты нұсқайды. Ауыр жарақаттан соң ақырын қимылмен балконға жақындаған ол аурухана алдына лық толған халықты көреді. "Жақсылық тізбегінің" жүзеге асқанына қуанған Jai Ho, көзіне жас алып, 3 саусағын жоғары көтереді. Міне, кино осылай аяқталады. Оқиғаны баяндауымның себебі, бұл фильмді бүкіл халық көрген жоқ. Сондықтанда негізгі желісіне тоқтала өткенді жөн көрдім. Бірақ, бұл киноны тек қарап қана қоймай, неге сол "жақсылық тізбегін" қоғамдық бір идея етіп қалыптастырмасқа?! Айналамызда көмекке мұқтаж жандар жетіп-артылады. Бәлкім, фильмдегідей бізде де жүзеге асар. Әй, қайдам, біздер тек қараймыз да қоямыз ғой, осы екен деп! Дегенмен,әркім әрқалай ой түйеді. Осы "Jai Ho" сияқты көптеген тәлім-тәрбие алуға болатын үнді, түрік кинолары өте көп. Сондықтан бәріне бірдей күйе жағудан аулақ болайық!
P.S Сондай әсерлі де, мағыналы фильм көптеген адамдардың жүрегін жаулады және әлде де жаулайды деп ойлаймын. Көрген де артықтық етпес…
Ақбота Сақұлова,
ҚМУ 4-курс студенті.
Жақсы бастама қашанда кеш емес.Айтқандай,үнді фильмдерінде қанша уақыт өтсе де ақиқатты біліп, куәгерлер мен дәлелдер болып көзі ашылған кездегі кейіпкердің күрт өзгеруін, жақсы қасиеттерінің оянуы меніңше өмірден алынған. Тіршілікте де сондай жағдайларды көріп,таңданады ел.Қалай дегенмен де шындық қымбат. Ешқашан сыңаржақ болмаған жөн. Мәселенің сан қыры болады.