Оталмады, от оранды
Жыл басынан бері Қостанайда 123 автокөліктен өрт шыққан. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен 9 ай ішінде 93 жеңіл автокөлік, 26 жүк көлігі, 4 автобус және 5 ауылшаруашылық техникасы жанып кетті. Көп жағдайда көлік ішіндегі сымдардың қысқа тұйықталуынан өрт шығады. Әсіресе, қыс айларында жүргізушілер көліктің қозғалтқыш бөліктерін қағаз, киіздермен орайды. Бұлар тез жанғыш заттардың қатарына кіреді», – делінген ТЖД баспасөз хабарламасында.
Ведомствода мәлім етілгендей, кеше түнде Қайырбеков көшесінде аулада тұрған ВАЗ 2112 маркалы көлік толығымен жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілер қостанайлық жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырады.